424,15 504.60 5.74
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Атырауда төрт түлік кәріз суын ішіп жүр

  • 353
  • UPD: 23:15, 12.07.2021

Салдарынан жұрт сүт ішіп, ет жеуден қалған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Себебі қалдық судың иісі малға сіңіп кеткен. Жылыой ауданы Жаңа Қаратон кентінің тұрғындары осылай деп шағым айтып жатыр. Булану алқабының қоршауы қолды болып, кәріз суы далаға ағып жатқан көрінеді.

Асланбек Шығыр, тілші:

- Бұл – 7400-ден астам тұрғыны бар Жаңа Қаратон кентінің кәріз суы келетін булану алқабы. Қазір қараусыз қалған. Тіпті төрт түліктің суатына айналыпты.

Шынын айтсақ, малға бұдан басқа ішер су жоқ. Өйткені биыл жауын-шашын да аз, Жем өзеніне де жөнді су келмеді. Тіршілік нәрінен тарыққан төрт түлік булану алқабынан алыстамайды.

Есен Ақсақалов, Жаңа Қаратон кентінің тұрғыны:

- Енді осы кәріз суы далаға кетіп жатыр. Бүкіл Қаратонның төрт түлік малы сол кәріз суынан су ішіп жатыр. Қазіргі ауа райына байланысты ауылда су жоқ. Жем өзенінің тартылып қалуына байланысты су жоқ ешқандай. Малдың бәрі сол кәріз суынан ішіп тұр.

Жаңа Қаратон кентінің тұрғындары сиырларын сауудан да қалыпты. Сүті мен етінің дәмі бүлінген. Малмен күнін көріп отырғандар енді не істерлерін білмей дал. Булану алқабын қоршаудан да қайыр болмай отыр.

Сансызбай Баймұратов, Жаңа Қаратон кентінің әкімі:

- 2018 жылы мал кірмеуі мақсатында қоршалған болатын. Ол да 15 күн өтпей жатып, қолды болып, ұрланып кеткен.

Қоршау ұрланып кеткеннен кейін жергілікті билік булану алқабының айналасын топырақ үйіп қоршаған. Бірақ уақыт өте ол да жермен-жексен болыпты. 2018 жылы кәріз суын тазарту және булану алқабын сенімгерлік басқаруға алған мекеме әлі күнге дейін жөндеу жұмыстарын бастамаған. Жауаптылардың сөзінше, оған пандемия әсер етіпті.

Жанболат Амантұрлы, «Жылыойсу» МКК директоры:

- Пандемия, төтенше жағдай басталып кетіп, бізге кедергі болып қалды. Төтенше жағдай аяқталғаннан кейін жұмысымызды қайтадан бастауға кірісіп атырмыз. Жаңа Қаратон бойынша КОС және буландыру алаңының ЖСҚ-сы бітті. Қазір сараптамада жатыр.

Осыдан 20 жыл бұрын басталған кәріз суын тазарту қондырғысының құрылысы әлі аяқталмай отыр. Бұл – аудан орталығы Құлсары қаласының да бас ауруына айналған мәселе. Енді оның қашан шешім табары әзірге белгісіз.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин

Хабар 24 телеарнасы