Қостанайда тоғыз қабатты жаңа үйдің төбесінен су тамшылап тұр

Қостанайда тоғыз қабатты үйдің төбесінен екі күннен бері су тамшылап тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мемлекеттік бағдарламамен салынған баспананың сапасы сын көтермейді. Есік, терезеден жел үрлейді. Ылғалдан қабырғалары сызданып, сылақтары түсе бастаған. «Мұндай жағдай екі жылдан бері жалғасып келеді», - дейді тұрғындар. Төзімі таусылған жұрт шағымдарын айтып, облыс әкімдігіне барды.

Мағауия Қалиев, тілші:

- Юбилейный шағын ауданындағы 144 пәтерлі 9 қабатты үй мемлекеттік бағдарламамен екі жыл бұрын салынған Әлеуметтік үйде негізінен көп балалы отбасылар, қарт кісілер, жас мамандар тұрады. Бас кезінде баспаналы болғандарына қуанған тұрғындардың көңілі көп ұзамай су сепкендей басылды.

Әбілі Сағитов, қала тұрғыны:

- Су ағап жатыр, міне көрсеңіздер. Жарты шелек су, міне. Таңертең ғана төктім. Қайтадан толып жатыр. Міне, жиһаздың түрі ашылып кетті. Дымқыл болғандықтан. Әр жерде шелектер, ыдыстар. Мынау тоқтың асты қауіпті, тұйықталу болып қалуы мүмкін.

Әлия Баева, қала тұрғыны:

- Қазір жаңбыр жоқ қой. Жаңбыр жауса, мынау шелек 10 минутта толып тұрады. Жарықты, электр құрылғыларын қосуға қорқамыз. Кішкентай балалар ғой.

Бұл үйдің әр пәтерінде осындай көрініс. Тамшы астына тосқан ыдыстан аяқ алып жүре алмайсың. Төбеден сорғалаған су төртінші қабатқа дейін жетіпті.

Тұрғындардың ашу-ызасын тұсінуге болады. Арыз-шағымдарын айтып, біраз табалдырық тоздырған. Тіпті мердігерді сотқа да берген. Сот екі жақты ымыраға келтіріп, барлық кем-кетік тұстарын өткен жылдың желтоқсан айына дейін жөндеймін деген уәдесін алған. «Алайда мердігер айтқан сөзінде тұрмады», - дейді тұрғындар. Амалдары таусылғасын бүгін олар облыс әкімдігіне барды. Құрылыс және сәулет басқармасының басшысы Берік Таңжарықов мердігер тарапынан жіберілген барлық олқылықтар тізіліп, тексерілетіндігін және оның бәрі қысқа мерзімде қалпына келтірілетіндігін қадап айтты.

Берік Таңжарықов, облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы:

- Тексеру жұмыстарын өткіземіз, экспертизалар тағайындалады. Құрылыс және экономикалық экспертизалар тағайындалады. Оның нәтижесі бойынша шешім қабылданады. Бүгін толығымен шағымдарды анықтау бойынша жұмыс бітіріліп, ертеңнен бастап дұрыстау жұмыстарын өткіземіз.

Айтқандай-ақ бүгін түстен кейін Қостанай қаласы әкімінің орынбасары бастаған топ көп қабатты үйдің жағдайымен танысып, кемшіліктерін қағазға тізіп шықты.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг