424,64 503.77 5.77
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматыда тұрғындар наразылығынан кейін элиталық тұрғын үй құрылысы тоқтатылды

  • 206
  • UPD: 23:19, 12.07.2021

Алматыда қымбат тұрғын үй құрылысы тұрғындар наразылығынан кейін тоқтады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мамыр айында 12 қабатты элиталық үй құрылысы дау тудырған еді. Өйткені бір аумақтағы жасыл желек жойылып кеткен. Ағаштарды кесуге қала әкімдігінің рұқсат бермегені де анықталған. Енді міне, ғимаратты салуға берген рұқсат та кері қайтарылды.

Аршын Кемелжан, тілші:

- Достық даңғылының бойындағы құрылыстың заңсыз екенін айтқан тұрғындар мамыр айынан бері қарсылық білдіріп келеді. Жасыл аймақтың жойылып, элиталы тұрғын үй құрылысы басталғанын сол кезде де айтқан едік. Нысан Акушерлік және гинекология ғылыми орталығына жанынан салынбақшы. Сол үшін ағаштар кесіліп, тамыры күрелген. Бұл жер бұрын осы орталықтың демалыс аймағы болыпты. Аумақтың құрылыс компаниясының меншігіне қалай өтіп кеткені белгісіз.

Масалим Қабыбаев, қала тұрғыны:

- Әкімдік пен мердігер біздің бәрімізді жинап, үйлерді салуға бола ма, болмай ма, деп бізден сұраған жоқ. Екінші инженерлік желі, электр қуаты, су, жол салу мына үйлерге лайықталмаған.

«Сонымен қатар қаланың жоғарғы жағына ірі нысандар тұрғызуға болмайды», - дейді жұрт. Біріншіден, сейсмикалық қауіп бар. Екіншіден, инженерлік желілермен көшелер үлкен нөпірге шақталмаған. Ауыр техникалар үйлердің арасынан өтіп, тұрғындардың тынышын алғаны тағы бар. «Сондықтан да жүк көліктердің жолын жабуға мәжбүрміз», - дейді. Даудың арты ашық айқасқа да ұласқан.

Ирина Быкова, қала тұрғыны:

- Бұлар заңды белшесінен басып отыр. Өткен жұма күні құрылыс компаниясының өкілі мемлекеттік номері жоқ көлікпен келіп, бала ерткен әйелді қағып кете жаздады. Абырой болғанда, жеңіл жарақат алды.

Элиталы тұрғын үйді қолған алған «Enterprise Development Group» құрылыс компаниясының өкілі мамыр айында рұқсат құжаттарының толық екенін айтқан. Алайда, қала әкімдігі бұл рұқсат қағаздарын қайта қайтарып алыпты.

Медет Рабаев, қала құрылысын бақылау басқармасының бас маманы:

- Алматы қаласы Қала құрылысын бақылау басқармасына Алматы қаласы қалалық Жоспарлау және урбанистика басқармасынан сәулет жоспарлау тапсырмасынан және келісілген эскиздік жобаны тоқтату жөнінде хат келіп тіркелді. Осыған байланысты қазіргі уақытта хабарламалар тізімінен құрылыс монтаждау жұмыстарын бастау жөніндегі хабарлама тоқтатылып, тапсырыс берушіге хат жолданды.

Құрылыстың рұқсаты не себепті жойылғанын анықтай алмадық. Қалалық Жоспарлау және урбанистика басқармасы мән-жайды түсіндіруден бас тартты. Қандай заңсыздық анықталғаны да белгісіз. Тұрғындар болса, жер телімін Акушерлік, гинекология және перинаталогия ғылыми орталығының меншігіне қайтаруын талап етіп отыр.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Мұхит Құдықбаев

Хабар 24 телеарнасы