Үржар ауданында 11 ауылдық округтің әкімі сайланады

Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданында 11 ауылдық округтің әкімі сайланады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл елді мекендерде 40 мыңға жуық халық тұрады. Қазір учаскелік сайлау комиссиялары жасақталып, сайлаушылар тізімі нақтылаған. Бір орынға 3 адам таласады. Олардың орташа жасы – 45. Арна тілшісі сайлауға зор үмітпен қарап отырған елді мекендерді аралап қайтты.

Болат Көкенайұлы, тілші:

- Таскескен – 9 жолдың торабында орналасқан елді мекен. Ел аузындағы әңгімелерге қарағанда Ақтамберді жырау осы жерде тасты екіге бөліп, арық тартып, халықты отырықшылдыққа үйреткен. Бүгінде батыр бабамыздың ұрпақтары сол дәстүрді жалғастырып, мал өсіріп, егіншілікпен айналысуда. Бұрындары аудан орталығы болғанда мұнда 8 мыңға жуық халық бар еді. Қазір ол 2 есе қысқарған. Дегенмен, таскескендіктер алдағы ауыл әкімінің сайлауынан зор үміт күтіп отыр.

Ауыл тұрғындары қазір сайлау жақындаған сайын өзекті мәселелерді жиі талқылайтын болған. Өйткені Таскескенде қордаланған түйткілдер жетерлік. Тазалық, көшелерді асфальттау, жергілікті коммуналдық шаруашылық ашу сияқты проблемалар солардың бір бөлігі ғана.

Жексенбі Нұркенов, Таскескен ауылының тұрғыны:

- Пандемияға байланысты әкімдерге рахат болды, ешқандай кездесу болмайды. Баяғыда бірнәрсе десең, карантин, кісі жинауға болмайды деп, қазір мылқау боп қалдық, ешкімге ештеңе айта алмаймыз. Бұл ауылда әлі де шешілмеген түйткілді мәселелер өте көп. Қазір ауылдың ақсақалдары бар, қоғамдық кеңес бар, ақылдасып отырмыз. Бізге не жетпейді? Әлі 5 көшемізде ауыз су жоқ. Анау 1985 жылы салынып, тастап кеткен үлкен су қоймасы бар Қарақол өзеніндегі. Ол осы қазіргі менің жырым да, әнім де сол. Егер сол іске қосылатын болса, ауылға үлкен жұмыс орындары ашылар еді. Қаладағылардың көбі қайтып келеміз деп отыр, бірақ жұмыс жоқ ауылда.

Сыйымдылығы 55 миллион текше метр болатын нысанның құрылысы 35 жыл бұрын басталып, сол күйі аяқталмай қалған. Ал жер емген диқандар су тапшылығынан егістік алқаптарын толық игере алмай, биыл да су тапшылығынан қиындық көруде.

Оразанбай Тұрғазин, Ақсақалдар алқасының төрағасы:

- Ауыл әкімін халық сайлағаннан кейін одан талап деңгейі жоғары дәрежеде болады деп ойлаймын. Өйткені бұрын ауыл әкімінің бюджеті ауданның қарамағында болған кезде біз көп дүниеден құр қалып қалатынбыз. Өйткені ол жоспарлаған дүние аудан жоспарына кіріп кетеді де, біздің жоспарларымыз кейде шеттетіліп қалатын. Көліктен түсетін, жер, қозғалмайтын мүліктен түсетін жарналар барлығы ауыл әкімінің құзырына берілетін болса, онда ол талай жұмысты өз деңгейіне жеткізіп орындауға мүмкіндік туады.

Үржар ауданы бойынша 11 ауылдық округте әкімдер тікелей халық таңдауымен сайланады. Қазір 42 сайлау учаскесі науқанға дайын тұр. 34 үміткердің 5-еуі әйел азаматшалар.

Қабдысадық Байсинов, аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы:

- 34 үміткер өткізді, оның 23-і өзін өзі ұсынған, 11-і саяси партиялардан ұсынылып отыр. Өтініштердің ішінде 5 әйел азаматша бар. Орташа жасы 45 жастағы үміткерлер. Сайлау өтті деп есептелуі үшін сайлауға көпшілігі қатысуы керек, 50% жоғары. Ал енді үміткерлер көп дауыс алғаны сайланады. Бұрынғыдай 50% жоғары емес. 3-4 адам қатысса, қайсысы көп дауыс алады, сол сайланады.

Ал, таскескендіктер бұрынғы аудан орталығы алдағы әкім сайлауынан кейін жаңаша түрленіп, түлейтініне сеніп отыр.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы

Сондай-ақ...