Маңғыстау облысында өз еркімен екпе алушылар көбейді

Соңғы екі аптада 20 мыңнан астам тұрғын вакцинаның бірінші компонентін салдырған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Күніне екпе алатындар саны 4 есе өскен. Қазір облыс халқының 22%-і вакцина қабылдады. Өңірде ковид жұқтырғандар саны 9551-ге жетті.

Әйгерім Ашықбаева, тілші:

- Махаббат Байсалова – коронавируспен аурып тұрғандардың бірі. Былтыр бүкіл отбасы мүшесі вирус жұқтырыпты. Биыл сол дерт дендемесі үшін вакцинаны бірінші болып алған. Енді екінші компонентін салдыруға келіпті.

Махаббат Байсалова, қала тұрғыны:

- Былтыр өте қиын өтті. Вакцина шыққан кезде ешкімнің айтқанына қарамай, әртүрлі шығарып жатыр ғой, интернетте, видеоларда. Сонда да сеніп, алып жатырмыз. Қорғаныш бар деп сенесің.

Өңірде 38 екпе егу бөлмесі, 14 жылжымалы бригада дайындалған. 547 медицина қызметкері жұмыс істейді. Шілдеден бастап келушілердің артуына байланысты жексенбі, мейрам күндері де емханалар есігі ашық.

Күнсұлу Сүйесінова, №1 емхана директорының м.а.:

- Бүгінгі күні 3 кабинет жасайды. Көбейіп жатса, 4 кабинет ашуға дайынбыз. Егде жастағы адамдар да егіліп жатыр. 92 жастағы адам екпені алды. Маусым айынан бастап ауыратын адамдар көбейіп жатқанына байланысты болар. Бізде мобильді бригадалар көбейді. Бұрын күніне 20-25 шақырту түсетін еді, қазір – 45-50. Сол себепті халық түсінген шығар.

Амандық Жұмыров, МО Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

- Бірінші емханада, «Нейрон» емханасында бұрынғы кезде 50-70 адам болса, қазір 250-300-ге барып қалып жатыр. Бір жерлерде өте көп, 6-7 есе көбейіп тұрғандар. Бір жерлерде 2-3 есе. Орташа есеппен өсім бар. Маусымның 30-ы күнімен қазіргі күнге бұрын 58 мың болса, қазір 78 мың адам. Яғни, 20 мың адамға өсіп отыр. 45 мың адамның шамасы 10 күннің ішінде бірінші компонентін алды.

Жалпы өңір бойынша бірінші компонентті 78 135 адам, екіншісін 40631 адам алған. «Спутник V», Hayat-Vax вакциналарына сұраныс көп.

Авторлары: Әйгерім Ашықбаева, Саламат Бекбаев