Шымкентте эпидемиологиялық ахуал ушығып тұр

Шымкентте эпидемиологиялық ахуал ушығып тұр. Вирус жұқтырғандар саны бір тәулікте екі жүз алпыстан асты. Мамандар тұрғындарды санитарлық талапқа бей-жай қарамауға шақырады. Әсіресе халық көп жиналатын базар жұмысы бақылауда. 

Мына жабық базарда қай кезде де сауда қызып тұрады. Екі жүзден астам адам осы жерде  тұрақты жұмыс істеп, нәпақасын тауып отыр. Сауда орыны аптаның бес күнінде ашық болады. Қаулыдағы тәртіп солай. Мониторингтік топтың тексерісі нәтижесінде белгілі болғандай, сатушылар жаппай вакцина салдырыпты.   

Ғалымжан Еркебаев, базар өкілі:

- Қазіргі мынау індеттің таралуына байланысты вакцинациялық жұмыстар жүргізілуде. Осы күнге дейін қазіргі таңда базардың 70-80% азаматтары вакциналаудан өтті. №2 емхананың дәрігерлері, медбикелері келіп, осы жерден біз оған бөлме бөліп, 15-20 күн вакциналау жұмыстарын жүргізді.

Мұндағы мамандар санитарлық талапты барынша сақтап отырмыз дейді. Дегенмен, ережені елемейтіндер де бар. Базарға бетпердесіз кіргісі келетіндер табылады. Сатушыларға да жиі ексертіп тұру керек. 

Әсия Ілиясова, сатушы:

- Базаркомдар бізге әрдайым ескертіп отырады. Жаңа қаулы шыққан кезде. Оны біз орындаймыз, тырысамыз. Осы отырғандардың бәрі нанын жеп, бала-шағасын бағып отырғаннан кейін.

Халық тығыз орналасқан Абай ауданында 13 әлеуметтік базар бар. Мониторингтік топ барлығын аралап, жұмысын тексеріп отырады. Ереже бұзудың алғашқы дерегі тіркелгенде ескертумен шектелсе, кейін тиісті шара қолданады. 

Есімжан Заңқоев,  Абай ауданы әкімінің орынбасары:

- Алты мониторингтік топ күнделікті мониторинг жұмыстарын жүргізіп отырамыз. Қазіргі таңда №20 қаулының талаптары бойынша санитарлық нормаларды сақтау бойынша жұмыстар жасалынып жатыр. Базарларда қазіргі таңда салынған айыппұлдар жоқ. 

Қалада соңғы тәулікте коронавирустық инфекцияның 264 жағдайы тіркелді. Індетке қарсы екпе салдырғандардың саны да өсіп келеді. Өткен тәулікте 5 мыңға жуық адам вакцина салдырған. 

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Азамат Саметов