424,15 504.60 5.74
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елорда орталығынан тысқары жатқан Есіл жағалауы қоқыстан толық тазармаған

  • 111
  • UPD: 10:48, 13.07.2021

Елорда орталығынан тысқары жатқан Есіл жағалауы тұрмыстық қалдық пен қоқыстан толық тазарды деп айтуға келмейді. Өткен аптада арнамыздың түсірілім тобы барған өзен жағасы қазір аздап ретке келген. Бірақ қарама-қарсы бетін тазарту жұмыстары баяу жүруде. Өйткені өзенді бойлай жүрген кезде полиэтилен қап пен пластик шөлмектерді байқамау мүмкін емес.

- Люди бросают и бросают, а мы все убираем и убираем. 

Руслан Магасумовтың айтуынша, жүрген жерінде тазалық сақтамайтын адамдардың кесірінен істеген жұмысы көрінбей жатыр. Тазалаушы маман бірінші кезекте балықшыларды кінәлайды. Оның айтуынша, қармақ асынғандар жағада көп қалдық қалдырады. 

Руслан Магасумов, тазалаушы:

- Өкінішке орай, көше тазалығына қатысты жауапсыздық жас талғамайды. Ересектер де, жастар жағы да қолындағы қалдығын қоқыс жәшігіне барып тастауға ерінеді. Олардың ішінде балықшыларға тоқталғым келеді. Жемге арналған құтысын отырған жеріне қалдырып, артын жинамай кетеді.

Таңның атысы, кештің батысы өзенді бойлай торуылдап жүрсек те көз алдымызда еш ұялмастан айналасын ластаушылардың әрекеті қынжылтады дейді Руслан. Жолымызда кездескен бірінші қармақшыны сөзге тартып ек, камераға бұрылмастан барлық айыпты жоққа шығарды. Ол да түсінікті. Балықшы балықшыны алыстан көреді және қорғайды.

- Нет, нет, нормально все. Мусор в контейнер бросаем. 

Ал Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының өкілдері су айдындарын балдыр мен қатты тұрмыстық қалдықтардан тазарту үшін жұмыс күшінің жетіспей жатқанын айтады. 

Жігер Саттарова, қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының бөлім басшысы:

- Өкінішке орай, Есіл жағалауының жиі ластануына қала тұрғындары мен қонақтары күн сайын еріксіз түрде атсалысып жатыр десек болады. Оның ішінде балықшыларға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеміз. Қаңылтыр құтыны қалдыруға болмайтынын айтамыз. Экологиялық полициямен бірлесе жұмыс істейміз. Ережені елемегендер әкімшілік жауапкершілікке тартылып жатыр. 

Қызметкерлердің жиі ауысуы да қосымша ауыртпалық тудырып отыр. Өйткені небәрі 25 адам 25 шақырымға созылған өзен учаскесін әп-сәтте тазарта алмайды. Оның үстіне шөп қырқу жұмыстары да біршама уақытта алады.

Жігер Саттарова, Мирлан Алтынбек, Марат Диханбаев

Хабар 24 телеарнасы