Жезқазғанда жаңадан салынған балалар алаңы ата-аналар көңілінен шықпады

Қарағанды облысының Жезқазған қаласында жаңадан салынып жатқан балалар алаңы тұрғындардың көңілінен шықпады. Себебі талай жыл күткен ойын алаңшасына арнайы төсеме емес, шаң-тозаңы мол құм төгілген. Осының кесірінен бірінші қабат тұрғындары терезені аша алмай тұншығып отырмыз деп шағымдануда. Ал жергілікті әкімдік болса бұл жобаға қаржы аз бөлінді деп ақталып отыр.

Жезқазған қаласындағы Жеңіс көшесінің 23-үй маңында ешқашан балалар алаңы болмаған. Осыны ескерген билік биыл туп-тура 10 аулаға ойын алаңын саламыз деп, 40 млн теңге қаржы бөлген. Аталған тендерді 28 млн теңгеге ұтып алған мердігер қазірдің өзінде 5 алаңды салып біткен екен. Бірақ біткен іс барлығына бірдей ұнамаған.

Рәзия Байтуғанова, Жезқазған қаласының тұрғыны:

- Мына құмды ең болмаса кәдімгі сары құм төгу керек еді өзеннің. Мынау таза емес, мынаның составында Жезқазған шетінде пульпа бар, өндіріс қалдықтары. Жел болса болды ақ шаң болып көтеріледі. Сосын тамағыңды жыбырлатады. Оны сертификатцияға апарып тексертуге де болар еді. Бұл таза емес.

Ол аздай, үй маңындағы теректердің жапырақтары да қуарып, шаң басып тұр. Бұл онсыз да тұншыққан тұрғындарды одан бетер үрейлендірген. Әкімдік болса жоба техникалық регламент пен бөлінген қаражатқа сай екенін айтады. 

Ержан Есетов, Жезқазған қаласы ТҮКШ бөлімінің басшысы

- Жалпы сомасы аз болған соң біз астына тартан қарастыра алмадық. Сол себепті құм төсейміз. Сметалық құжат бекітіліп, конкурс өтіп, жеңімпаз анықталған. Мен мердігермен сөйлестім, шаңы шыққан келеңсіз жағдайды ойластырып, қалыпқа келтіретін боламыз. 

Биыл Жезқазған қаласында 500 млн теңгеге тағы да 50 балалар алаңы салынады. Олар заман талабына сай жабындылармен төселеді. Тіпті жеке футбол, баскетбол алаңдары болады. Бірақ Жеңіс көшесіндегі тұрғындарға осы бар алаңшаға қанағат етуіне тура келетін сыңайлы. 

Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Василий Савкин