Сенатор орман өртінен зардап шеккен адамдарға арналған үйлер құрылысымен танысты

Сенат пен облыстық мәслихаттар депутаттарының өзара іс-қимылын нығайтудың маңызы зор.

Сенатор Дүйсенғазы Мусиннің Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының басшылығымен кездесуі барысында осы мәселе туралы айтылды. Сенат депутаты заң жобаларын сапалы пысықтау және жергілікті жерлердегі проблемаларды жүйелі шешу үшін бірлескен жұмыс қажет екенін атап өтті.

4-ші деңгейдегі бюджетті игеру және ауылдық аумақтарды дамыту проблемалары осындай мәселелердің бірі болып отыр. Дүйсенғазы Мусин облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының қызметкерлерімен кездесу барысында қалыптасқан жағдайды шешу жолдарын талқылады.

Сенатор сондай-ақ Риддер қаласында болып, онда ірі орман өртінен зардап шеккен тұрғындарға арналған үйлер құрылысының барысымен танысты. Сенатор құрылыс сапасын қамтамасыз етудің маңыздылығына мердігерлердің назарын аударды, сондай-ақ 32 тұрғын үйдің құрылысы жоғары қарқынмен жүріп жатқанын атап өтті. Депутат қаланың әлеуметтік маңызы бар нысандарының құрылыс алаңдарында да болды.

Дүйсенғазы Мусин қала әкімімен кездесу барысында Семей қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі мәселелерін талқылады. Депутат өңірдегі сапар барысында және халықпен кездесу кезінде көтерілген барлық мәселелер заң шығару қызметінде пайдаланылатынын атап өтті.