Оралда миллиард теңгеге мәйітхана салынады

Оралда фитнес залы мен шағын кинотеатры бар мәйітхана салынады.

Жоба құны бір миллиард теңгеден асып жығылады. Облыстық құрылыс басқармасы жариялаған тендер құжаттарына сүйенсек, қос қабатты нысанда биоматериалдарды сараптайтын арнайы зертхана, марқұммен қоштасу залы, жүк тасымалдайтын жедел саты болады. Бюрода тұрақты қызмет атқаратын 80 адамға арнайы тынығу орны, кино көретін бөлме, жаттығу залы қарастырылған. Конкурс жеңімпазы анықталған. Мердігер құрылысты 11 ай ішінде аяқтауы тиіс. Құзырлы басқарма басшысы Әлібек Антазиевтің айтуынша, жоба барлық заң талаптарына сәйкес дайындалған.

«Егер қолайлы демалыс аймағы қарастырылмаса, құжаттар мемлекеттік сараптамадан өтпейтін еді» деп мәлімдеді.

Бұдан өзге ақпаратты айтып, арнайы сұхбат беруден бас тартты.