Ақтөбелік үлескерлер үйсіз қалды   

Ақтөбеде өткен жылдың желтоқсан айында қолданысқа берілуі тиіс баспана әлі дайын емес. Пәтер ақысын жүз процент төлеген тұрғындар баспана жалдауға мәжбүр. 

Бақыт Сарманова жаңадан бой көтеріп жатқан тұрғын-үй кешені құрылысына қаражат қосқандардың бірі. Жанұясымен ақылдасып, жиған тергенін үлескерлікке салған. Жетпеген соманы ескі үйін сатып қосыпты. Алайда уақытша деп жалдаған пәтерде жарты жылдан астам уақыт күн көруге тура келіпті. Себебі құрылыс компаниясы баспананы келісілген мерзімде тапсырмаған.

Бақыт Сарманова, үлескер:

Енді барып ремонт жасай берейік десек светі жоқ, суы жоқ. Енді кешегі бірінші жаңбырда да подъезден су кетті, үйдің төбесінен су кетті. Соны дұрыстап қадағаласа деп біздің талабымыз сол.

Құрылыс компания өкілдерінің айтуынша баспана коммуналдық жүйелерге қосылған. Тек оны әрбір пәтерге кіргізу үшін есеп-шот құрылғысын орнату қажет. Шетелден келетін бұл бұйымдардың кешігуін мекеме басшылығы пандемиямен байланыстырып отыр.

Арман Қонақбаев, құрылыс компаниясының директоры:

Біздің жылу қазандықтары былтырғы жылдың желтоқсан айында келіп болуы тиіс еді. Бірақ қосалқы бөлшектерін 2021-жылдың мамырында ғана жетті. Бұл біздің қолымызбен жасалып отырған кедергі емес. Шекарада туындаған қиындықтар. Ал Қазақстанда бұл құрылғылар жасалмайды. Германиядан өндіріліп, Ресейде құрастырылады.

Тұрғындар үй құрылысында бастапқы жоспар өрескел бұзылған дейді. Олардың айтуынша жеті қабат деп көрсетілген баспана іс жүзіне келгенде сегіз қабатты боп шыққан. Лифт шаруашылығына қажетті қосымша қабат қарапайым пәтерлерге айналыпты.

Қуаныш Акиев, облыстық Мемлекеттік сәулет, құрылыс бақылау басқармасы инспекция бөлімінің басшысы м.а.:

Жоба бойынша жетінші қабат болуы керек және тех. этаж болуы керек. Қазіргі таңда сегізінші қабат салынды деп, полноценный сегізінші қабат салынды деп бұл кісілер арызда көрсеткен. Қазіргі уақытта біз сол жазылған арыз бойынша қабылдадық. Тек тексерістің жауабын күту керек.

Құзырлы орган өкілдері әзірге іске кірісе қоймаған. Шағын және орта бизнесті тексеруге жарияланған мараторий біраз қолбайлау дейді. Тиісті рұқсат алған соң білекті сыбанғалы отыр. Ал құрылыс компания өкілдері болса ай соңына дейін үлескерлерге көптен күткен пәтер кілтін тапсыруға ниетті.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Болат Молдағалиев