ШҚО: қымбатшылықтан жол құрылысы тоқтап тұр

Шығыс Қазақстан облысындағы Алматы-Өскемен республикалық тас жолын қайта жаңғырту жұмыстары тоқтап қалуы мүмкін.

Өйткені құрылыс материалдары 30-50 процентке қымбаттап кеткен. Қазірдің өзінде кей бөліктерде техникалар қаңтарылып, жұмысшылар еріксіз демалысқа жіберіліпті. Ал жолаушылар айналма жол әбден шаршатқанын айтып шағымданып жатыр.

Алматы-Өскемен республикалық тас жолын қайта жаңғырту жұмыстары мемлекеттік «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту бағдарламасына сәйкес жүргізіліп жатыр. Таскескен ауылы мен Аягөз қаласы аралығындағы 90 шақырым да сол жобаға кіреді. Алғашында қарқынды басталған жұмыс қазір бұрынғыдай емес, сылбыр. Бұған жолаушылар наразы.

Нұрдәулет Тырнақов, көлік жүргізушісі:

Біз осы екі ортада жүреміз, техника жоқ, жол жөнделіп жатқан жоқ. Айналманың өзі анау, міне, машинам сынып тұр. Қазір Аягөзден майы мен саймандарын алдыртып жатырмын. Оның құнын кімнен сұраймыз, тоқтап тұрған машиналардың кез-келгенінен сұраңыз, бәрі бұзылып, әрең келе жатыр. Мына тұрған Үржар мен екі ортаға 3 жарым сағат жүріп келесің, әрқалай. Айналма жол мүлдем жөнделмеген, шұрқ-шұрқ тесік, көліктерге обал болды.

Нүсіп Ердембеков, жолаушы:

Үржардан шығып, Аягөзге бара жатырмын. Жолдың бәрі айналма, жаңадан жасап жатыр, шаң. Ең құрығанда, бір су шашып қойса ғой. Шоқалақ-шоқалақ, бітпей жатқан шығар, қайдан білейін. Ештеңе айта алмаймыз, бұл ұзаққа созылатын сияқты. Осылай жатқанына 4-5 жыл болды жыл болды.

Расында жол бойында көлігі бұзылып, дөңгелегі жарылып қалғандар аз емес. Айналма жолдардың шаңы аспанға шығып, шоқалақтарға толып кеткен.

Ермек Шаяхметов, көлік жүргізушісі:

– Мен осы жолмен күнде жүремін, жыбыр-жыбыр. Мысалы Аягөзден шыққаннан 92 км/сағ жылдамдықпен айдасақ, 90 шақырым жерді 3 сағат жүреміз. Көлік бұзылады, дөңгелек жарылады, бәрі шығын ғой, дөңгелектің өзі қанша ақша тұрады, оңай емес. Жаздың ортасы болды. Жол жөндеп жатқан ешқандай техника жоқ. Бақылауға алынса екен дейміз, өйткені мына түрімен жол әзір жөнделіп бітпейді.

Асфальт тегістегіш, жүк тиегіш, басқа да қаптаған жап-жаңа техникалар жол бойында тізіліп тұр. Алайда олардың әдемілігінен не пайда, жол құрылысына пайдасы болмаса? Ал бұлардың қанша уақыт бос тұрғанын тат басқан түрлерінен-ақ көруге болады.

Жолдың бұл теліміне жауапты мердігер компания «К-Дорстрой» АҚ мекемесі. Құрылысшы мамандардың айтуынша, жұмыстардың іркілуіне биылғы қымбатшылық себеп болған.

Талғат Қадыров, техникалық бақылау инженері:

– Қазіргі таңда мердігер «К-Дорстрой» АҚ 30% құрылыс заттарының қымбаттауынан 30% адамдар демалысқа жіберілді және 70% техника тұр. Келешекте алдағы уақытта осы мәселелер қаражат жағы шешілетін болса, адамдар қайтадан шақырылып, жұмыс қайтадан басталады. Қазір осы мәселелер қарастырылып жатыр.

Жоспар бойынша бұл жердегі жол құрылысы биыл жыл соңында аяқталуы тиіс еді. Алайда жаз ортасы болса да қаржы мәселесінің нақты қай кезде шешілетінін әзірге ешкім тап басып айта алмай отыр.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы

 

Сондай-ақ...