Жамбыл облысы: әкімдікке әркімнің бар таласы

25-ші шілде күні Жамбыл облысының 38 ауылында әкім сайлауы өтеді.

Бүгінде осы елді мекендерді дамытып, гүлдендірем деген 122 азамат үміткер ретінде тіркелді. 76-сы саяси партиялардан, 46-сы өзін-өзі ұсынған. 

Қырғыз елімен шекаралас жатқан Қордай ауылдық округінде шамамен 35 мыңдай адам тұрады. Оның 22 мыңнан астамы кәмілеттік жасқа толған, яғни дауыс беруге құқығы бар. Олар келер аптаның жексенбісінде ауыл басшысын сайлайды.

Ауыл әкімдерін халық сайлайды дегенді естіп қуандым. Бұрын аудан әкімі біз танымайтын адамды әкеліп, «енді бұл ауылдың әкімі осы кісі» деп таныстырып кететін. Енді өзіміз таңдаймыз.

25-не қарсы әкімдерді сайлау басталады. Сол үшін бәріміз де атсалысып жүрміз. Қазіргі әкімнің де істеп жатқан тірлігі жалпы жаман емес. Өздеріңіз көріп жатсыздар. Алда кім келсе де, біз үміт күтеміз. Еліміздің тыныштығын, амандығын, келешектің жақсы білім алып, жақсы жерде тұрғанын қалаймыз. Одан асқан жетістік жоқ деп ойлаймын.

Сол жетістікке ауылды жетелеймін деген ниетпен үш адам әкімдікке үміткер ретінде тіркеліпті. Соның бірі  Нұрсұлтан Әйтімбетов. Тараз қаласының тумасы. Экономика мамандығы бойынша жоғары білім алған. Қазір Қордай аудандық тіркеу және жер кадастры бөлімінің басшысы.

Нұрсұлтан әйтімбетов, үміткер:

– ҚР Президентінің осы жылы қабылданған заңымен өзімді ұсынып, сайлауға түсіп жатырмын. Бұл өте дұрыс шешім. Халық бір ауыздан өзінің көңілінен шығатын адамды сайлай алады. Әкімді халықтың қалаулысы дейді ғой. Біз сол бағытта жұмыс істеуге тырысамыз.

Қордай әкімі болудан үмітті тағы бір азамат – Дәулет Ұзақбаев. Осы өңірде туып өскен. Жоғары білімді Қырғызстан Республикасында алыпты. Қазір көршілес Қарасу әкімінің орынбасары лауазымында отыр. Осы мүмкіндікті пайдаланып, туған ауылы үшін тер төгуге ниетті.

Дәулет Ұзақбаев, үміткер:

– Ауыл партиясының мүшесі ретінде сайлауға үміткер болып қатысқым келді. Алда көптеген іс-шараларды атқарамын деп ойлаймын. Осы ауылда туылғаннан кейін елдің үмітін ақтап, біраз шаруа атқарамыз деген ойдамыз.

Ауылды төрт жыл басқарған Бақыт Сахатов та сайлауға сақадай сай жүр. Қордайдың қыр-сырын жетік біледі. Ауыл басшысын тұрғындардың таңдауы игі бастама деп санайды. Егер халық қалап жатса, туған елі үшін еңбек етуге әзір.

Бақыт Сахатов, Қордай ауылдық округінің әкімі:

Президенттің бастамасын толығымен қолдаймыз. Демократия болуы керек. Өте дұрыс. Ауыл тұрғындары өз әкімін өзі таңдағаны дұрыс деп ойлаймыз. Бұл сайлауға тағы да басқа үміткерлер қатысқаны дұрыс. Өзіміздің туған ауылда 4 жыл қызмет еттік. Егер халқымыз қолдап, жұмысымызға оң бағасын берсе, жұмысымызды жалғастырамыз.

Бүгінде Қордайдағы тұрғынүйлер табиғи газға қосылған.   Су, жарық және жол салуда алға жылжу байқалады. Десе де мал жайылымы, және  ауыз су жеткізуде атқарылар жұмыс баршылық дейді аудан ақсақалы.

Біржан Әлімбет, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

– Енді қиыншылықтар жоқ емес, әрине. Біздің ауданымыздың негізгі мәселесі – ауылдағы жайылым мәселесі. Елдің бәрі азын аулақ мал ұстайды. Жайылым жоқ. Негізі басқарушы билікті халықтың сайлағаны дұрыс қой. Сонда билік басшылары кішкене жауапкершілікті сезінеді ғой .

Көп ұлт өкілі  шоғырланған Қордайда қордаланған негізгі мәселелер кейінгі жылдары шешімін тапқан.  Енді сайланған әкім барды бағалап, бірлікті сақтаса, ауылды аралап, әділдікті жақтаса көңіліміз тоқ дейді тұрғындар.

Авторлары: Талғатбек Әбдіқожа, Арман Ақшабаев