Алматыда Абай даңғылының бойындағы ағаштарды кесіп тастады      

Алматыдағы Абай даңғылының бойында бірнеше ағаш кесіліп, тек түбірі ғана қалды.

Мұндай ақпаратты қала тұрғындары фотоға түсіріп, әлеуметтік желіде жариялап, жергілікті биліктен жауап беруін талап еткен еді. Жүргіншілер жолына көлеңке болатын әрі қаланың әсемдігін арттыратын қарағаштар сиреп қалды. Енді олардың түбірі ғана тұр. Экологиясы көңіл көншітпейтін Алматыда жасыл желектің маңызы ерекше. Сондықтан қала тұрғындары әрбір ағашты қызғыштай қорғайтыны бекер емес.

– Ағаштардың тұрғаны дұрыс қой негізі, оны кесіп тастаған соң орнына басқа бір әдемі нәрсе отырғызса жөн болар еді. 

– Әрине, өкінішті кесіп жатқаны, тал көп болған сайын, көк болған сайын ауа да таза болады, деп ойлаймын.

– Бұл деген болашағымызға балта шапқанмен бірдей. Мен түсіне алмай тұрмын керім ағаштарды сонша қырып тастағанына.

Мәселенің мән-жайын Алмалы аудандық әкімдігінен сұрадық. Олар 27 түп қарағаштың кесілгенін айтты. Санитарлық жұмыс табиғат жанашырларымен ақылдасып, Қазақ өсімдік қорғау ғылыми зерттеу институтының мамандары рұқсат берген соң жүргізілді дейді.

Әкімхан Төлеген, Алмалы ауданы әкімі орынбасарының міндетін атқарушы:

– Институтпен, қоғам белсенділерімен, блогерлермен тексердік, тұжырымдарын алдық. 27 ағаш қурап кеткен, адам өмірін сақтап қалу үшін, жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін біз ағаштарды қазіргі уақытта алып тастадық.

Діңі шіріп, жапырағы қураған ағаштар боран соқса құлап, адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін.

Нұргелді Кеңес, Қазақ өсімдік қорғау ғылыми зерттеу институтының ғылыми қызметкері:

– Шіріп тұрған ағаштар өте көп. Өйткені оның шіріп тұру себебі ағаш өзіне антропогендік факторларды сіңіргенге байланысты. Ағаштың қоректің ортаға күші азайғандықтан және де зиянкестердің шабуыл жасағанынан аурудың пайда болуынан ағаштың сөлі азайып, апаттық жағдайға айналады.

Жергілікті әкімдіктің өкілдері бұл жер бос қалмайды деп уәде етіп отыр. Күз келіп, күн салқындаған соң шабылған қарағаштардың орнына жас көшеттер отырғызылады дейді.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Сержан Жұмабаев