Әлеуметтік желіде елордалық стационардағы жағдай туралы видеолар тарады

Медицина қызметкерлері инфекциялық стационарға айналған қалалық ауруханаларда жағдай қалай өрбіп жатқаны туралы видео жолдады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дәрігерлер елорда тұрғындарына өзінің және жақындарының денсаулығына жауапкершілікпен қарап, санитарлық нормаларды қатаң сақтауға шақырған.

«Бұл төсектерде сіз немесе сіздің туыстарыңыз жатуы мүмкін. Мұндай жағдайға жеткізбеңіз! Мән беріп көрсеңіз науқастар саны аз емес»  делінген видеода.

Аурухананың реанимациялық төсектері коронавирустың ауыр түрімен ауыратын науқастарға толы. Дәрігерлердің айтуынша, инфекция жұқтырғандардың басым бөлігі — жастар. Ақхалаттылар жағдайға асқан жауапкершілікпен қарап, санитарлық нормалар мен шектеу шараларын қатаң сақтауға шақырады.

«Еліміздегі барлық медициналық қауымдастықтың атынан қазіргі жағдайдан хабардар болғандарыңызды қалаймыз. Ауыр жағдайдағы науқастар қатары көп, күн сайын қайтыс болып жатқандар бар. Балалар арасында да ауырып жатқандар көбейді. Өз денсаулығыңызға асқан жауапкершілікпен қарағандарыңызды қалаймыз», деді медицина қызметкерлері қала тұрғындарына арнаған видеода.

Айта кету керек, коронавирусты тоқтатудың жолы — вакцинация. Бұл әлемдік пандемияны жеңуге көмектеседі. Екпе арқылы ғана азаматтар өзін және жақындарын қорғай алады!