Елімізде резервтегі әскери қызмет пайда болуы мүмкін

Қорғаныс министрлігі резервтегі әскери қызмет туралы заң жобасының тұжырымдамасын көпшіліктің талқысына шығарды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ведмствоның баспасөз қызметі аталған өзгеріс халықаралық тәжірибеге сүйене отырып дайындалғанын хабарлады. Қорғаныс министрлігі қазіргі заманғы сын-қатерлерге тұрақты негізде талдау жүргізеді. Оларға қарулы жанжалдар, сонымен қатар авариямен, пандемиямен, экологиялық апатпен байланысты төтенше жағдайлар жатады. Мұндай жағдайларда қарулы күштер мен резервтегі әскери қызметкер қолданыстағы заңнамаға сәйкес тартылуы мүмкін. Резервтегі қызмет азаматтардың негізгі жұмысындағы жалақысын сақтай отырып, әскердегі қызметі үшін қосымша төлеммен келісімшарт негізінде атқарылады.

Ғани Нүсіпов, ҚР ҚМ Ақпарат және коммуникациялар департаментінің өкілі:

– Резервтегі адамдарды даярлау жылына 60 күннен аспайтын мерзімде жүргізілетін болады. Ол оқыту бағдарламасына сәйкес бір айға дейін ай сайынғы екі күндік сабақтар мен жиындардан тұрады. Бұл ретте тапшы мамандықтар бойынша даярлыққа ерекше көңіл бөлінетін болады.