Шығысқазақстандық ауыл тұрғындары қуаңшылықтың алдын алуға қам жасай бастады

Тарғын ауылының азаматтары бас қосып, сол жердегі өзен арнасын тазартып, оған құйылатын бұлақ-бастаулардың көзін ашып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Белсенділер бұған дейін де 50-ге жуық бұлақтың көзін ашып, су қорының молаюына септігін тигізген.

Тарғын өзені Тарғын ауылының ішімен өтеді. Осы жақтың тумасы Аслан Мусин ауылдастарымен бірге қайырлы іс жасауды шешіп, арнаны сынған бұтақ бөренелерден тазартуға белсене кіріскен. Өйткені Тарғынның суы жыл сайын тартылып, деңгейі төмендеп барады.

Аслан Мусин, ауыл тұрғыны:

- Тарғынның бастауы жайлаудан басталады, былтыр сол бастаулардың көзін аштық. Әр бастауға ат қойдық. 25-30 жылдай осы өзеннің арнасы тазаланбаған, соған байланысты жігіттермен ақылдасып, қаражат жинап, келе алмағандар қаражаттарын ақшалай беріп, көмектесіп жатыр, келгендер техникамен кеп жатыр.

Бұл шараға тіпті шет елде жүрген тарғындықтар да қолдау көрсетіп жатыр екен. Сондықтан жұмыла көтерген жүк жеңіл тиіп, нәтижесін беруде. Арнаға су толып, ауыл ішімен өтетін арықтар сарқырай кетті. Азды-көпті мал өсіріп,бау-бақша еккен ағайынның да күткені осы еді.

Мұратбек Безенұлы, ауыл тұрғыны:

- Су деген аз, қуаңшылық болды. Содан қазір су молайып, жақсы болып жатыр, картобымызды суғарып жатырмыз, картопты жақсы алармыз, енді өнім мол болатын шығар.

Жалпы Шығыс Қазақстан өзге аумақтармен салыстырғанда жерасты суы қорына бай. Арнайы бекітілген 591 учаске мен 490 жерасты суы кен орны бар. «Көктен қар мен жаңбырды күтіп отыра бермей, қолда бар қорды бағалап, бастау көздерін ашу – ең тиімді бастамалардың бірі», - дейді гидрогеолог Қырмызы Бақытжанова.

Қырмызы Бақытжанова, гидрогеолог:

- Бастау бұлақтардың барлығы да үлкен өзендердің салалары болып табылады. Олардың барлығы жиыла келе, өзен қорын қалыптастырады. Олар тазаланбаған жағдайда судың деңгейі төмендеп, ірі өзендердегі су қорының азаюына алып келуі мүмкін.

Биолог Анатолий Цыганов «қуаңшылықтың алдын алу үшін бүкіл ауылшаруашылық жұмыстары климаттық ерекшеліктерге сай ұйымдастырылу керек», - дейді. Бұдан бөлек, мониторингтік зерттеулерге ден қою қажет деп санайды.

Анатолий Цыганов, биология ғылымдарының кандидаты:

- Ең біріншіден, мониторингтік зерттеумен айналысу керек. Ол бізге көп ақпарат береді. Табиғи ортаға адамзаттың әсерін бақылаған жөн. Ал ондай мамандарды мектептен, тіпті балабақша табалдырығанан бастап дайындаса. Сонда үздіксіз экологиялық білім жүйесі қалыптасар еді.

Сарапшылар «емен, қарағаш,терек сынды ағаш түрлерін көптеп егу де қуаңшылықтың құтылудың бір жолы», дейді. Айта кету керек, өңірде өткен жылдан бері шаруалар шабындық шөптен таршылық көріп отыр. Биылғы жаздың не берері әлі белгісіз. Ал жақында жарияланған статистикалық мәліметке сүйенсек, шілде айында Шығыс Қазақстанның кейбір елді мекендерінде орташа қуаңшылық болжанып отыр.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин