424,44 504.55 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстандағы ілбістер Қырғызстанға көшіп барады

  • 234
  • UPD: 11:53, 14.07.2021

Бұған себеп – жыртқыш аң мекендейтін жерлерде климат өзгеріп, браконьерлер көбейген.

Қорек те жоқтың қасы. Жағдай бұлай жалғаса берсе, Қызыл кітапқа енген аң мүлде жойылып кете ме деген қауіп бар.

Әлем бойынша ілбістер саны 4 мыңға жуық. Соның 130-150 басы біздің ел аумағында өмір сүреді. Азығын табиғи ортадан табады. Қоректік базасы арқар, теке сынды жануарлардан тұрады. Жыртқыш аңның болашақта азайып кету қаупі бар. Оған бірінші себеп – браконьерлер. Олар Қызыл кітапқа енген жануарды аяусыз қырып, популяциясын кемітеді.

Аян Мейраш, ҚР Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы:

- Негізгі қауіп браконьерлік. Ол әлем бойынша тыйым салынған. Ерекше қорғалатын инспекторлар, аңшылық шаруашылықтағы иегерлер жауап береді. Жалпы мойындауымыз керек. Оның мекендейтін жерлері толық зерттелген жоқ. Бірақ біз БҰҰ ұйымымен жұмыс жүргізіп жатырмыз.

Қар барыстарының мекендейтін жерлері фототұзақпен толық қамтылмай келеді. Ел бойынша нақты санын біліп, санағын жүргізуге осы мәселе кедергі.

Сәкен Ділдахмет, эколог:                                                                                

- Бірінші себеп тиісті қаражаттың бөлінбеуі. Екіншіден, мамандардың қажеттілігі, даярлығы. Бізде әлі де болса осы салада мамандар саны өте аз. Міне, сондықтан осы жұмыстар бізде әлі қолға алынбай отыр.

Көрші ел Қырғызстанда Ілбістер саны 500-ге жеткен. Біздегі киелі аңдардың тау асып, сол жаққа азық іздеп кетуі сирек жағдай емес.

Сәкен Ділдахмет, эколог:

- Жылдан жылға климат өзгеріп, таулы жерлер жылы жерлерге айналуда. Осының салдарынан олар өзінің табиғи ортасынан айырылуда. Қазақстанда оның санын сақтау бойынша кешенді бағдарлама қабылдау керек.

Ілбіс – көшпелі ел ұғымында қастерлі аң. Жыртқыш болғанымен, нағыз дала санитары деген атқа ие. Көбіне ауырған малға ауыз салады. Сондықтан экологтар киелі аңды атып, көзін жоймау керектігін айтады. Ал малы шығынға ұшыраған шаруаға мемлекет көмектесуі қажет. Мұндай тәжірибе әлем елдерінде бар. Мәселен, Моңғолияда ілбіске азығын беріп, жайын жақсартуға көмектескендерге мемлекет арнайы сыйақы тағайындайды.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Диас Қабланбаев, Жандос Сұлтанғазы  

Хабар 24 телеарнасы