Өскемендегі қоғамдық көліктерде электронды төлем жүйесі енгізілмек

Автобустарда, трамвайларда және микроавтобустарда жолақысын SMS, QR-код және Oskemencard көлік картасы арқылы төлеуге болады.

ШҚО әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, Өскемен қаласы осылайша заманауи қоғамдық көлік жүйесіне көшеді.

Қазір қаланың барлық қоғамдық көліктері валидаторлармен, GPS-трекерлермен, борттық компьютерлермен және мобильді терминалдармен жабдықталған. Жолақысының автоматтандырылған төлем жүйесіне 9 маршруттық такси қосылған (№ 228, 229, 230, 246, 253, 255, 260, 261 және 262), 4 автобус (№12, 24, 60 және 67) және 3 трамвай бағыты (№ 1, 3 және 4). Жүйе тамыз айының соңына дейін барлық қалалық маршруттарда іске қосылады.

SMS және QR-код арқылы жолақысын төлеу механизмі ретке келтіріліп, тексерілді. Қызмет заманауи көлік жүйесі толық іске қосылғаннан кейін қолжетімді болады.

Жолақысын бүкіл әлемде кеңінен таралған дәстүрлі тәсіл – көлік картасы бойынша да төлеуге болады. Алдымен ол карта қаланың 34 нүктесінде сатылады, шығарылады және толтырылады. Бұл картан 500 теңге тұрады. Жеңілдігі бар көлік картасы мектеп картасы сияқты тегін берілетін болады.

Бұдан бөлек, Oskemenbus мобильді қосымшасы іске қосылды. Онда автобус қозғалысын қадағалауға, аялдамаға келу кестесі мен нақты уақытын тексеруге және межелі жерге дейін барудың ыңғайлы маршрутын жасауға болады. Іске қосылған бетте қосымшаны 100 мыңнан астам адам жүктеп алған.