Қорғаушы: Біртановтың санитарлық авиацияны қолдануы мәжбүрлі түрде болған

Прокуратура экс-министрді Тараздан елордаға дейін жету үшін санитарлық авиация ұшағын заңсыз қолданып, қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деп отыр.

Сәрсенбіде Біртановтың қорғаушысы Нұрлан Бейсекеев осы жағдай бойынша жауап берді. Оның айтуынша, экс министр 2020 жылдың 12-13 маусымында жұмыс сапарымен Жамбыл облысында болған. Адвокат ауру жұқтыру қаупі жоғары болғандықтан, Біртанов Нұр-Сұлтанға Үкімет мүшелерімен бірге бір ұшақпен қайта алмағанын жеткізді. «Сондықтан оны санавиация көлігімен жеткізу елде қалыптасқан төтенше жағдай кезіндегі мәжбүрлі шара болды», - деді Бейсекеев. Кейін Біртановтан екіжақты пневмония түріндегі аурудың асқынуы анықталды. Науқастың жағдайы нашарлауына байланысты елордадағы Ұлттық кардиоорталыққа жеткізілді. Ол 2020 жылдың 23 маусымына дейін осы мекемеде ем қабылдады.

Елжан Біртанов, ҚР ДСМ экс-министрі:

- Тек менің жағдайымда ғана емес, басқа жағдайларда да санитарлық өкілдер аймақтарға ұшты, ұшақтар ұшпаған соң шешім қабылдау керек болды. Дәрі-дәрмектерді, реактивтерді тасымалдады, Уханьнан келген студенттерді де елге қайтарды ғой. Мұның бәрі жоғары басшылықпен келісілді, менің жағдайым бойынша да келісім болған. Мен Премьер-министрге хабарладым, содан кейін ғана осындай тасымалдауды ұйымдастыруды өтіндім.