Қызылорда облысында мемлекеттік кәсіпорын басшысы пара алды деген күдікпен ұсталды

Аэроғарыш саласындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорын басшысы пара алды деген күдікке ілінді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ол «Байқоңыр» ғарыш айлағынан қара металды шығаруға рұқсат беру үшін кәсіпкерден 600 мың теңге талап еткен. Қызылорда облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі таратқан видеода кәсіпорын басшысының 10 мың теңгелік купюраның бір бумасын қалтасына салып жібергені көрінеді.

Шамұрат Шаменов, облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің басқарма  басшысы:

- Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялық және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің республикалық мемлекеттік кәсіпорын басшысына қатысты қылмыстық іс тергелуде. Күдіктіге қатысты сот қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берді. Тергеу мүддесіндегі басқа ақпарат жария етуге жатпайды.