Шемонаиха қаласындағы 400-ге жуық үйге ауыз су берілді

Шығыс Қазақстан облысы Шемонаиха қаласындағы 400-ге жуық үйге ауыз су берілді.

Тұрғындар бірнеше күннен бері әлеуметтік желіге жазып, шағымданған еді. Біздің тілшілеріміз де мәселенің мән-жайын білуге тырысты. Белгілі болғандай, Железнодорожная көшесіне тартылған 100 метр құбырды ауыстыру жұмысы 5 күнге созылған. Тозығы жеткен желі өзеннен өтетін болғандықтан жұмыс қиындапты. Әкімдік бұл туралы алдын ала ескерттік деп отыр. Жергілікті газет пен сайттарда хабарландыру жариялағандарын айтады. Ауыз суды көлікпен тасымалдауды ұйымдастырыпты. Үйлерге су берілгенімен бұл жұмыстар әзір бітпейтін сияқты. Себебі қазылған жерлерде жерасты сулары көтеріліп, сорғызу жұмыстары жүріп жатыр.

Лидия Шейкина, Шемонаиха қаласының тұрғыны:

- Кеше кешкісін сағат 8-дерде су берді. Қазір үйіміздегі құбырдан таза су ағып тұр. 5 күн тіршілік нәрі болмаған кезде қажет болған үйлерге тасымалмен әкеліп тұрды. Алайда менің үйімде кәдімгі құдық та бар, суды уақытша содан ала тұрдық.

Бақытжан Молдаханов, Шемонаиха ауданы әкімінің орынбасары:

- Адамдарға күнделікті тапсырыс бойынша суды жеткізіп отырдық. Бірақ халық саны көп болғанымен абоненттер саны 397 болды. Күнде барлығына үлгермедік, ол рас. Бірақ барлығын сумен қамтамасыз еттік, су жеткізіп отырдық осы күндер ішінде. Бұл жұмыс бітті, толық сумен қамтылды.