Елдегі суару желілерінің тең жартысының жағдайы көңіл көншітпейді

Елдегі суару желілерінің тең жартысы көңіл көншітерлік жағдайда емес. Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев айтты.

Айтуынша, республикалық меншікте жалпы ұзындығы 21,5 мың шақырымды құрайтын 3 мыңнан астам суару желісі бар. Оның ішінде шамамен 12 мың километрінің жағдайы нашар. Осының кесірінен фермерлерге су жеткізу кезінде кедергі мен шығын көп. Көрші елдердегі су қоймалардың жұмыс кестесін бекіту бойынша келіссөздер өтті. Ал трансшекаралық өзендер тәуелділігінен арылу үшін су арналарын цифрландыру жұмыстары жүргізілуде. Былтыр Түркістан облысы Мақтаарал ауданында ұзындығы 12 шақырымға тең КА-19 магистралды каналын цифрландыру бойынша пилоттық жоба іске асырылды. Осы арқылы суару нормасының 45 процентке көп жұмсалатыны анықталған. Биыл 16 арнаны цифрландыру көзделіп отыр. Алдағы 5 жыл ішінде ұзындығы 3 мың шақырымнан астам 212 арнаны цифрландыру жоспарда бар. Бұл көп көлемде су үнемдеуге мүмкіндік береді.

Мағзұм Мырзағалиев, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі:

- Фермерлерді сумен қамтамасыз ету мақсатында біз келесі жұмыстарды жүргіземіз. Бірінші – бұл көрші елдермен қарым-қатынас. Сырдария өзені бойынша біз қырғыз елімен қосымша су ағызу туралы келісімге келдік. Маусым-тамыз айларында Тоқтағұл су қоймасына қосымша 330 млн текше метр су ағызылады. Осындай су көлемін Өзбекстан аумағы арқылы өткізу туралы да уағдаластық. Сондай-ақ тәжік және өзбек тараптарымен бірлесіп, осы жылғы 16 маусымдағы Бахри Точик су қоймасы жұмыс режимін келісу бойынша маусым-тамыз кезеңіне арналған жұмыс кеңесі хаттамасына қол қойылды.