Парақорлық және алаяқтық бойынша күдікке ілінгендер сот үкімі шыққанға дейін қамалмайды

Жемқорлықпен, алаяқтықпен күдікке ілініп ұсталғандардың аяқ-қолына білезік тағылып жатыр. Сөйтіп, олар соттың түпкілікті шешімі шыққанша уақытша ұстау изоляторына қамалмайды. Үйқамақта болады. Өзіне белгіленген аумақта еркін жүріп-тұра алады. Мұның тиімділігі бар ма?

Оңай тағылады. Аяқтың өлшеміне сәйкес кесіледі. Сөйтіп, ол тобықта тұрады. Саусақ өтетіндей болуы керек. Қыспауы тиіс.

Былтыр қыркүйектен бері жемқорлыққа қарсы қызметте электронды білезік деген ұғым пайда болды. Жаңа құрылғы алаяқтықпен яки жемқорлықпен күдікке ілініп ұсталғандарға тағылады.

Аслан Құсайынов, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының көмекшісі:

- Білезікті тағуды немесе тақпауды сот шешеді. Егер тақса, айыпталушы медициналық тексерістен өтеді. Сол арқылы білезікке оның аллергиясы бар-жоғы анықталады. Егер денсаулығы дұрыс болса, күдікті таңдау жасайды. Яғни білезікті салдыруға ол келісім беруі тиіс. Қазір электронды білезікті 9 адам тағып жүр.

Білезікте радиоэлектронды модуль болады. Салмағы шамамен 130 грамм. Арнайы датчик орнатылған. Егер айыпталушы оны үзіп жатса, негізгі модульге белгі беріледі. Адамның қайда жүргені, тұрғылықты жері және білезіктің қуаты таусылып жатқаны туралы мәліметтер де сол модульдік станцияға келіп түседі. Егер білезік үзілсе бірінші кезекшіге және сол күдіктіні бақылауға жауапты болған қызметкерге белгі беріледі.

Аслан Құсайынов, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының көмекшісі:

- Біз Сейфуллин көшесі, 37 мекен-жайындамыз. Мысалы, күдіктіге осы мекеменің қасында жүруге ғана рұқсат етіп, шекараны белгілеп берсек, ол одан аса алмайды. Ал егер сол аумақтан ұзап кетсе, диспетчерге бірден белгі беріледі. Қатты дауыспен дабыл қағылады. Бұл кезде айыпталушы бірден артқа қайтуы тиіс. 

Білезікпен бірге ретранслятор аталатын құрылғы да жүреді. Ол ұялы телефон операторының сигналын күшейтеді. Егер білезігі бар адам талап ережеге бағынбай, бағытты әдейі өзгертіп жіберсе немесе шекарадан шығып кетсе тұтқындау түрі өзгертіледі. Сондықтан күдіктілер ережені бұзғысы жоқ. Білезік тақса да қанша дегенмен еркіндік ғой. 

Бұрын айыпталушыны күн сайын тексеріп отыру қажет еді. Оған бару керек. Көлік шығарып, жанармай жағу керек. Ал білезік арқылы күдіктіні жұмыста отырып бақылауға болады. Оны да артық мазаламаймыз. Ресурсты да үнемдейміз.

Марат Башимов, Еуропалық құқық және адам құқығы жөніндегі сараптамалық институттың директоры:

- АҚШ бірінші болып осынау жаңашылдықты енгізді. Ол жақта 50 штаттың 49-ы айыпталушыға қатысты жазаның осы түрін қабылдады. Ал Ұлыбританияда тіпті қылмыс жасаған жасөспірімдердің өзін аталған құрылғы арқылы қашықтан бақылайды. Германия, Франция, Нидерланд, Австрияда да осы тәжірибе. Яғни демократиясы дамыған елдерде күдіктілер изоляторға қамалмайды, қашықтан бақыланады. 

Бұл күдікті босап кетеді деген сөз емес. Егер кінәсі дәлелденсе, түрмеге қамалады. Ал оған дейін әлгі күдікке ілінген адамның тамақ-киіміне мемлекет шығындалмайды.