Оңтүстік жігіттері асарлатып аттандырған шөп Маңғыстауға жетті

Оңтүстікте жігіттер асарлатып шапқан шөп Маңғыстауға келді. 1500 тең мал азығы алдымен шалғайдағы Бейнеуге жеткізілді.

Жіберілген көмек төрт түлікпен күнін көріп, азын-аулақ жем-шөп алуға жағдайы жоқ шаруаларға тегін таратылады. Ауыл белсенділері тізім бойынша бөліп береді. Ал жергілікті билік шөп жеткізу үшін көлікпен қамтамасыз еткен. Бұған дейін түркістандық Құрмет Талапқазы Маңғыстауға 6 вагон шөп жіберетінін әлеуметтік желіде хабарлаған еді. Ақтауға, Шетпеге, Жетібайға, Жаңаөзенге бір-бір вагоннан бөлінді. Төрт түлігі қырылып, қуаңшылық жайлаған өңірге еріктілер осылай көмектесті.

Құрмет Талапқазы, ерікті:

- Түркістан облысы, Оңтүстік Қазақстан атынан екі күн сайын бірінші вагон келіп тұр. Мұнда әкелдік, Бейнеу ауданына. Ауылдағы тұрғындар малы қырылғалы тұрған кішігірім ауылдардағы қиыншылығы бар отбасыларды тізімдеген екен. Соларға алып жатырмыз. 2 күн сайын бір келеді. Әзір Шетпеге де келіп қалған екен. Қиыншылықпен келген шөп.