Қырғыз жерінен Ресейге өтетін транзиттік жүк көліктерінің жүргізушілері тексерістерге наразы

Қырғызстаннан Ресейге өтетін транзиттік жүк көліктерінің жүргізушілері негізсіз тексерістерге наразы.

Редакциямызға хабарласқан кәсіпкерлердің айтуынша, олар Қазақстанға кірген кезде бақылаудан өтіп, навигациялық пломбалар орнатылған. Алайда Батыс Қазақстан облысынан Самараға шығар шекарада көліктерді тоқтатып, 60 шақырым жердегі Орал шаһарына кері қайтарған. Қалада тауарларды уақытша сақтау қоймасына түсіруді талап еткен. 

«Осының кесірінен уақыттан ұтылдық, әрі жүктерді түсіріп, тиеуге қосымша шығындалдық», - дейді олар.

Ал мемлекеттік кірістер департаменті шекарада жалған транзит фактілері жиілеп кеткенін, сондықтан тексеріс прокуратураның келісімімен заңға сай жасалғанын айтады. 

Степан Клеменов, жүргізуші:

- Біз 10-ы күні шекарадан өттік. Ешқандай заң бұзушылық анықталмады. Рентгеннен өттік, кинологтар қарады. Шекарашылар тексерді, салық органдары қарады. Навигациялық пломба ілді. Сол маршрутпен келеміз, ешқайда бұрылған жоқпыз. Ресейге барамыз. Жалған транзитпен айналыспаймыз. Енді жоқ дегенде бір күн кетеді. Неден жазғанымызды өзіміз түсінбей тұрмыз. 

Ерболат Ғайнеден, облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма басшысы:

- Қазіргі жағдайда тексеріс жүргізіліп жатыр. Жүк құжаттарының нақтылығын анықтау мақсатында ілеспе жүк құжаттарын, көрсетілген мәліметтерін. Бұларды қазір бізге түсірген мәліметтер бойынша келе жатырған маршруттан ауытқу анықталған. Тексеру қазіргі кезде нұсқама негізінде жүргізіледі, нұсқамасыз тексеру жүргізуге құқымыз жоқ.