Қуаңшылықтан малы қырылған Маңғыстауға 1,9 млрд теңге бөлінді

Қуаңшылықтан малы қырылған Маңғыстау халқына көмек беру үшін республикалық резервтен 1,9 млрд теңге бөлінді. Аймақта жұмыс сапарымен жүрген Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы Ербол Қарашөкеев осылай деді. Ведомство жетекшісі бүгін үш ауданға арнайы барып, мал өсіріп отырған азаматтармен кездесті. Көпшілік көптен күткен жиында не айтылды?

Талғат Исламұлы, тілші:

- Министрдің міндетін атқарушы Ербол Қарашөкеевтің алғашқы жұмыс сапары Маңғыстаудан басталуы бекер емес. Биылғы қуаңшылықта Қызылорда өңірінде 800-ден астам мал далада опат болса, маңғыстаулықтар 1300-ге тарта ірі қарасынан айырылды. Шөлден өлген жылқылардың өлекселерін әсіресе Қарақия, Мұнайлы және Маңғыстау аудандарынан көптеп кездестіруге болады.

Ресми деректерге сүйенсек, Маңғыстау облысында 850 мың мал басы бар. Алайда оның 630 мыңына ғана чип салынғаны айтылады. Ал қазір қолда қалған төрт түліктің нақты саны белгісіз. Өзге өңірлерден жеткізілген жем-шөпті халық шама-шарқынша сатып алып жатыр.

Әбен Кенжебаев, шаруа қожалығының жетекшісі:

- Шөп мың жарымнан, жем мың жарым. 19 келі сұлы 3 мың бірдеңе теңгеден. Түскен пенсияма жем алып, әуелі өзіміз, қалғанын сол малымыздың аузына беріп жатырмыз. Жылқы өліп жатыр, жағдай шамалы енді.

Өңірдегі шаруа қожалықтарының дені Маңғыстау ауданында орналасқан. Осы себептен болар министр қатысқан алғашқы жиын Шетпеде өтті. Кездесуде көпшілік тарапынан көрші өңірлерден жеткізілген жем-шөп қолжетімді бағада сатылса, өзі тасыған жағдайда тасымал шығынын мұнай немесе құрылыс компаниялары көтерсе, мал ұстайтын қожалықтар жері шұрайлы облысқа көшірілсе деген ұсыныстар айтылды. 

Алмасбек Садырбаев, «Шопан ата» ұлттық мал өсірушілер қауымдастығының төрағасы:

- Өзіміз тексеріп көрдік, қазір мына жаққа құр шөпті тасу тиімсіз. 1 вагонға 20 тонна шөп сияды екен. Сонымен қоса 60 тонна бидай сияды екен. Жем сияды екен. Өкіметтің де көмегі келіп жатыр. Кім ол көмекті алады? Тек ғана кімнің малы заңды тіркелген. ИСЖ базасында. Жылқыға келгенде чип тиімді.

 Республикалық резервтен бөлінген 2 млрд жуық қаражатты тиімді игеру үшін алдымен малдың нақты санын білу қажеттігін министрліктің жаңа жетекшісі де жиында бірнеше рет қайталады. Бұған дейін жергілікті әкімдіктерге тапсырма берілген екен. Бірақ әлі күнге орындалмаған. 

Ербол Қарашөкеев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы:

- Ол ақша жеке қожалықтарына мал ұстап отырған, сол сатып алған арпа-бидай, шөптің арзандытылуына беріледі. Жергілікті әкімшіліктерге осы аптаның аяғында ма осы ақша түседі деп ойлаймын. Сол кезде өзінің процедурасы бар. Комиссия құрып, тізімдерін бекітіп жеке шаруа қожалықтарға сол ақшаны тарату басталады. 

Қуаңшылықтан малы қырылған Сыр өңірінде күні кеше төтенше жағдай жарияланды. Мұндай шешім Маңғыстау өңірінде қабылдана ма? Бұл сауалға жауап ертең аймақ әкімдігінде өтетін жиында айтылуы мүмкін.

Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев