«Өркениеттен ажырап қалдық». Шымкенттіктер шағымданды

Шымкенттің іргесінде өркениет игілігіне жарымай отырған шағын елді мекендер әлі де бар.

Абай ауданына қарасты Ынтымақ-2 ақшам ауданының халқы ауызсуды сатып алып, тасып ішеді. Кей көшеге жарық та тартылмаған. Енді бірінде көгілдір отын жоқ.

Сабыржан Байбосынов 5 жылдан бері ауыз судың азабын тартып келеді. Шағын ауданға су құбыры үйді-үйге тартылғанымен, тіршілік нәрі әлі берілмепті. Амалсыз жұрт осындай 3-4 метр тереңдікте жерді қазып, су сақтау орнын жасап алған. Оның өзін үнемдеп жұмсайды.

Сабыржан Байбосынов, Ынтымақ-2 шағынауданының тұрғыны:

– Ішетін де, жуынатын да, кір жуатын да, басқа судың бәрі осыдан алынады. Бұдан балаларға су алдыртпаймыз. Ол қауіпті. Газ бен жарық мәселесінің өзі бір жыр. Ынтымақ-2 шағынауданына 10 көшеге газ жүргізілсе, қалған 10 көшеге жүргізілмеген. Су да солай, жарық та солай. Ол не қылған алақұла жоспар!?

Сондай-ақ инженерлік желі мен инфрақұрылым жұмыстары толық бітпегесін көшенің шаңы шығып жатыр. 5 мыңнан астам тұрғын үйі бар шағын ауданда 22 мың халық тұрады. Бәрінің базынасы бір. Өркениеттен ажырап қалдық деп ашынады.

Жұрттың жан айқайын Абай ауданының әкімі жақсы біледі екен. Ол атқарылып жатқан жұмыс жоспарын баяндап, халықтың базынасын тыңдау үшін арнайы келіпті. Оның айтуынша, қазір бұл өзекті проблеманың барлығы кезең-кезеңімен шешіліп жатыр. Мемлекеттік ауыз су жүйесімен қамтамасыз ету үшін құрылыс жұмыстары жүргізіліп, аяқталуға жақын. Тек магистралды су құбыры тартылып біткені күтілуде. Жыл соңына дейін елді мекен халқы түгелімен ауыз суға қосылмақ.

Бұхарбай Парманов, Абай ауданының әкімі:

Тұрғындардың көтеріп отырған мәселесі өте орынды. Ынтымақ шағынауданына осы мәселелерді шешу үшін 7 млрд теңге қаржы бөлінді. Ол ауыз суға, электр энергиясын жүргізуге және газ жүйесінің жұмыстарына пайдаланылады. Енді электр бағаналары бойынша қазір 840 млн теңгеге мердігер мекеме анықталды.

Жиналған жұрт жергілікті билік өкілдерінің уәдесіне сеніп тарқасты. Айтуларынша, ішкі инфрақұрылым жұмыстары аяқталған соң көшеге асфальт төселіп, кәріз жүйесі жүргізілмек. Оған дейін уақытша шағыл тас төсеп беретін болды.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Азамат Саметов