Құрбан айт күні мал базарлары жұмыс істемейді

Елімізде Құрбан айт күні мал базарлары жұмыс істемейтін болды. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі осылай деді.

Мамандар мерекені үйде атап өту керектігін айтып отыр. Мешіт аумағына адам кіргізбейміз деді. Ал құрбандықты онлайн шалуға болады. Діни басқарма қызметкерлері мал бағасының өсіп кетпеуін қатаң қадағаламақ. Қазірдің өзінде шекті бағасын белгілеп қойған.     

Құрбан айтқа дейін әлі бір аптадай бар. Содан шығар, мал базарда адам қарасы аздау. Сауда қыз-қыз қайнап жатыр деуге келмейді. Бірақ арасында мерекеге қазірден қамданып, құрбандықа шалатын малды таңдап кеткендері де бар екен. Баға да біршама өсіпті. Сатушылар биыл жем-шөп қымбаттады дейді.      

Айбек Есбайқажыұлы, мал сатушы:

  Биылғы марқа қозылар 35 мың теңгеден басталады. Ірілері, жақсылары 50 мыңға дейін барады енді. Одан кейін саулық қойлар, тұсақтарымыз бар. Олар сол 55 мың теңге, күйіне қараймыз, 60-70 мың теңгеге дейін баратындары да бар.  

Құрбан айт кезінде бағаның тым шарықтап кетпеуін діни басқарма қызметкерлері жіті қадағалайтын болады. Олар ұсақ малды әрі кетсе - 70 мың теңгеге, ірі-қараны 420 мың теңгеге сатуға рұқсат бердік дейді. Мамандар біраз өңірде індет қайта өршіп жатқандықтан, биыл да мешіттерге жамағат жимаймыз деп отыр. Құрбандықты онлайн шалуға болады.

Ағабек Қонарбайұлы, ҚМДБ баспасөз хатшысы:

– Адамдар көп шоғырланатын орындарға бармай, үйде отырып-ақ біздің «ҚҰРБАН 2021» деген веб-сайт арқылы тапсырыс беріп, қой бола ма, ірі-қара мал бола ма, өзінің таңдаған малын таңдап, тапсырыс беріп, өзі үйден шықпай мұқтаж жандарға ет таратуларына мүмкіндік бар. Оның барлығын біздің мешіт қызметкерлері, ерікті азаматтар бар, барлығын тегін жүзеге асырады.

Одан бөлек, мереке кезінде айтшылауға тыйым салынған. Бұл күнді үйде, отбасыңмен өткізген дұрыс деп отыр. Қауіпті аймаққа енген өңірлерде мал базарлары жұмыс істемейді.

Ержан Байтанаев, ҚР ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі:

–  Құрбан айт бізде мейрам болғандықтан, күнтізбеде қызыл күн, яғни азаматтарымызға демалыс болып саналады. Сол себепті ол күні жұмыс жүргізілмейді. Ешқандай азамат  мал шалатын жерге бармайды. Барлығы онлайн түрде жүргізіледі.

Биыл Құрбан айт 20 шілде күні өтеді. Исі мұсылман жағдайы жетіп жатса, жарлы-жақыбайларды жарылқау керек. 

Авторлары: Дастан Сейілханұлы, Аят Дүйсембаев