ШҚО: жылжымалы екпе пункттері жұмыс істеп тұр

Өскеменде бүгінге дейін 100 мыңнан астам адам коронавирус инфекциясына қарсы екпе салдырды. 

Мамандардың айтуынша, қазір вакцина алушылар саны артып келеді. Бұған қала ішін аралап жүрген жылжымалы вакциналау пункттерінің де ықпалы зор дейді. Сырты кәдімгі автобус сияқты болғанмен, оның іші толықтай медициналық және санитарлық талаптарға сай жабдықталған. Сондықтан ішіне кірсеңіз, емханаға кіргендей әсерде қаласыз. Екпе алдында бір бұрышта адамның денсаулығы тексерілсе, бір жағында мәлімет тіркеліп, екпе салынады.

Бұл пункттердің саны төртеу. Екеуі үнемі қаладағы ірі базарлардың қасында тұрса, екі автобус арнайы бекітілген кестемен осылай қала ішін аралап жүреді. Кесте қала әкімдігінің түрлі әлеуметтік парақшаларында жарияланып тұрады. Әр жылжымалы пунктте 3-4 медициналық маман отырады.

Жалпы вакциналау басталғалы бері облыс орталығында 10 250 адамнан астам тұрғын екпе алса, соның 3600-ден астамы дәл осы мобильді автобустарда екпе салдырыпты.

Салтанат Қызырова, учаскелік терапия қызметінің меңгерушісі:

Әрине, қалада емхана көп, бұның керегі не деген сауал орынды. Бірақ қазір өздеріңіз білесіздер, қым қуыт заман, көпшіліктің арнайы бір емханаға баруға қолдары тимей жатады. Мобильді медициналық пункт, міне, осы кезде жұрт үшін аса қолжетімді болып есептеледі. Яғни сіз жолай соғып, ыңғайлы жерден екпе алып қайтуыңызға болады. Адам көп шоғырланған жерлерде сенбі, жексенбі күндері де жұмыс істеп, тұрғындарға қолайлық туғызып тұр деп санаймыз. 3600-4000 мыңға жуық адам осы жерден вакцина алды, ендеше бұл да қажеттілігін көрсетіп тұр ғой. Өкініштісі, әлі де екі ойлы болып жүргендер бар. Меніңше, оған мына әлеуметтік желіде тараған мән мағынасыз ақпараттар әсер етіп отыр. Індет түрлері тарихта да көп болған. Қазақ халқының басынан талай жұқпалы дерт өткен. Барлығы да тек осы вакцина арқылы жойылды. Екпе арқылы жеңген. Сондықтан вакцина – коронавирусқа қарсы тұрудың жалғыз жолы, жарқын өмірімізге оралудың айқын бір шешімі.

Айта кетейік, жалпы облыс аумағында қазір 330 екпе кабинеті жұмыс істеп тұр. 16 жылжымалы пункт бар.

Осы уақытқа дейін 360 мыңнан астам адам екпе салдырыпты. Енді таңнан бері бұл көрсеткіш, әрине, бірталай өзгерді деуге негіз бар. Өлкеде бірінші компонентпен 747 мың шығысқазақстандықты қамту көзделсе, қазір соның тең жарты нормасы орындалған екен. екпе салу әлі де белсенді жалғасып жатыр.