Көктемгі әскерге шақыру барысында 15 мыңнан астам азамат әскери қызметке қабылданды

Қорғаныс министрлігінде Бас штаб бастығының бірінші орынбасары генерал-лейтенант Марат Құсайыновтың басшылығымен көктемгі әскерге шақыру кампаниясы қорытындыланды.

Осы жылғы көктемде Қарулы күштерге, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарға 15 мыңнан астам адам шақырылды, оның 6 000-нан астамы Қарулы күштерге жіберілді.

Кеңес барысында қорғаныс істері жөніндегі департаменттердің бастықтары коронавирустық инфекцияның таралуы жағдайында өткен әскерге шақыру кампаниясының ерекшеліктері туралы баяндады.

Қабылданған санитариялық-эпидемиологиялық шаралар жиын пункттерінде әскерге шақырылушылардың індетті жаппай жұқтыруын болдырмауға, әскерге шақыруды жоспарлы түрде жүргізуге мүмкіндік берді.

Әскерге шақыру компаниясы кезінде Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаменті бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар әскерге шақырылушылар, олардың туған-туыстары жедел желі телефондары арқылы жеке әңгімелесу жолымен туындаған сұрақтарын қойып, толыққанды жауап алды.

Бас штаб бастығының бірінші орынбасары жергілікті әскери басқару органдарының барынша ашықтығын және тұрғындарды өткізілетін іс-шаралар туралы хабардар етуді қамтамасыз ету, әскерге шақырылушылардың туыстарымен тұрақты түрде кері байланыс орнату міндетін қойды.

Әскерге шақырылушыларда кездесетін сипатты ауруларға жүргізілген талдау анағұрлым кең таралған аурулардың көз, асқазан-ішек жолдарымен, омыртқамен, неврологиямен байланысты екенін көрсетті. Мамандар бұның себебін жастардың қимыл-қозғалысы аз өмір салтын ұстануымен, дұрыс тамақтанбауымен және гаджеттерді шектен тыс пайдалануымен байланыстырып отыр.

Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимыл жасай отырып, тиісті әкімдердің қаулыларымен тағайындалатын медициналық комиссиялар жұмысының сапасын арттыру тапсырылды.

Сонымен қатар генерал-лейтенант Марат Құсайынов әскерге шақыру жасына дейінгі және әскерге шақырылатын жастарды «Жас сарбаз», «Айбын» әскери-патриоттық қозғалысына, басқа да әскери-патриоттық және спорт клубтарына барынша тарту қажеттігіне назар аударды.