Damumed қосымшасында жалған дәрігерлік қабылдаулар көбейді

Ақмола облысында медицина саласын цифрландыру мақсатында қолға алынған Damumed қосымшасында жалған дәрігерлік қабылдаулар мен қызметтер көбейе бастаған.

Бұл туралы тұрғындар әлеуметтік желіде жиі жазып жүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Заңбұзушылыққа кім жол беріп отыр? Бұған дәрігерлердің қатысы бар ма?

Дамир Берікұлы, тілші:

- Жалған қабылдаулар мен медициналық қызметтер жайлы жазбалар әлеуметтік желілерде жетерлік. Тұрғындардың бірі жүйеде дәрігерге өз қалауынан тыс жазылғанын байқаса, енді бірі флюрографияға жолдама алғанын білмейді. Мұны емханаға келушілер де растап отыр.

Светлана Барц, қала тұрғыны:

- Менің құрбымда осындай жағдай болды. Қосымшаға «дәрігердің қабылдауында болдыңыз» деген хабарлама келген. Алайда, ол өзі бұны білмейді. Яғни, сол уақытта емханаға келмеген.

Жанар Зүлкішева, қала тұрғыны:

- Мен өзім дәрігерде болмасам да, қосымшада қабылдауға жазылғанымды бірнеше рет байқадым. Оны осындағы дәрігерлерге де айттым. Бірақ олар біз білмейміз, мүмкін жүйенің дұрыс жұмыс істемеуінен шығар деп түсіндірді.

Мұндай мәселенің бар екенін облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшылығы да мойындайды. Айтуларынша, жалған қабылдаулармен қазір күресіп жатыр. Ал, қандай да бір дәрігердің мұндай заңбұзушылыққа жол бергені нақты дәлелденсе, ол міндетті түрде жауапқа тартылады.

Нұрлан Шағыров, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы:

- Ситуациялық орталық ашылды өзіміздің денсаулық сақтау басқармасында. Оның жұмысына күнделікті мониторинг кіреді. Сол мониторинг арқылы біз зерттеп отырамыз. Қай жерде бұл проблема нақты көп болса, сол жерге хат жазамыз. Ондай проблемалар болса тез арада шара қолданып, оның бәрін өзгертуге, дұрыстауға тырысамыз.

«Бұдан бөлек, бұл проблемамен қазір емдеу мекемелеріне қаржы бөлетін міндетті әлеуметтік сақтандыру қоры мен олардың жұмыс сапасын қадағалайтын медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитеті де айналысып жатыр», - дейді жауаптылар. Ал, емхана өкілдері болса, бұған тек дәрігерлер ғана емес, жүйенің кейбір кемшіліктері мен маман тапшылығы да сеп болып отырғанын айтады.

Рысты Сыздық, қалалық емхана бас дәрігерінің орынбасары:

- Дәрігерлердің өзінің белгіленген қабылдау кестесі бар. Ол бойынша әр пациентке 15 минуттан уақыт бөлінеді. Бірақ қабылдауға келген тұрғындар кестедегіден әлдеқайда көп болады. Міне, сол артығымен қабылдаған адамдарды ол басқа уақытқа немесе өзге күнге жазады. Сол себепті осындай түсініспеушіліктер болып жатады.

Дәрігерлердің айтуынша, мұндай келеңсіздіктер тек Ақмола облысында ғана емес, бүкіл ел аумағында кездеседі. Сондықтан жүйені жетілдіру мен заңбұзушылықтардың орын алмауын бүгінде салалық министрлік те қолға алған. Ал, емханаларды цифрландыру жобасын ойлап тапқан компания өкілдерімен сұхбаттасу мүмкін болмады.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко