Шымкентте ковид жұқтырғандар көбейіп, рекордтық жағдай тіркелді

Еліміздің «қызыл аймақтарына» қатаң карантин шаралары енгізілді. Демалыс күндерге локдаун жарияланып, кәсіпкерлік субъектілерінде жұмыс тәртібі шектелді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шымкент қаласының бас санитарлық дәрігері де осындай жаңа қаулыға қол қойды. Енді бүгіннен бастап вакцина алған тұрғындар ғана күндізгі режимде жұмыс істей алады.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:

- Қазір COVID індетімен қатынаста болған 6,5 мыңға жуық адам оқшауланып, бақылауға алынды. 1346 адам стационарларда ем қабылдауда. Оның 131-і жансақтау бөлімінде. Шымкентте соңғы тәулікте коронавирустық инфекцияны жұқтырғандар саны 416-ға жетіп, рекордтық жағдай тіркелді. Емдеу мекемелері 61%-ке толды.

Шыңғыс Мұқан, қала әкімінің бірінші орынбасары:

- «B» сценарийі бойынша 4 мың адамға жуық адамды стационарда емдеуге мүмкіндік бар. Бүгін тағы 200 орындық стационар ашылады. Қазір біз осы «B» сценарийімен жұмыс жасап жатырмыз.

Жаңа қаулы эпидемиялық жағдайды ушықтырмай, инфекцияның таралуын тоқтатуы тиіс. Сол себепті көптеген қоғамдық орындар мен әлеуметтік нысандар, кәсіпкерлік субъектілерінде шектеу басым. Мәселен оларға дүйсенбі-жұма аралығында 17:00 ге дейін жұмыс істеуіне рұқсат берілген. Ал «Ашық» мобильдік жүйесіне қосылғандар кешкі 20:00-ге дейін жұмыс жасайды.

Алдарқұл Ахметов, қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:

- Адам көп шоғырланатын объектілердің жұмыстарын демалыс күндері, сенбі-жексенбі күндері жұмыс істеуіне тыйым салынды. Бұл объектілердің көпшілігі «Ашық» жобасына қатысатын объектілерде бар.

Қатаң карантиндік шаралар бизнес субъектілеріне қолбайлау болғаны рас. Кәсіпкерлік палатасы олардың құқығын қорғап, жеңілдіктер шеңберін ұйымдастыруда.

Нұрлан Қабыштаев, қалалық кәсіпкерлер палатасының директоры:

- 50%-тен астам жұмысшылар вакцинацияланған және бүкіл талаптарға сай «Ашық» жобасы бойынша жұмыс істейтін кәсіпкерлерге жұмыс істеуге рұқсат беру – бұл бірінші ұсыныс. Екінші ұсыныс – «Ашық» жобасын тек қана міндетті емес, басқа да салалардың бәрінде іске асуын жаю.

Барлық шектеулерді алып тастап, әдеттегі өмірге оралу үшін ұжымдық иммунитет қалыптасуы қажет. Қазір мегаполис халқының 50%-тен астамы екпе қабылдаған.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Азамат Саметов

Сондай-ақ...