425,70 504.60 5.77
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Маңғыстау өңіріне шөп жөнелтіліп жатыр

  • 157
  • UPD: 21:25, 15.07.2021

Маңғыстау өңірінің шөптен қысылған шаруаларын қолдаушылар көбейе түсті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ақтөбе облысының бірнеше ауданында қожалықтар көмегімен мал азығын жөнелту ұйымдастырылып жатыр. Көрші аймақтағы жұрттың жайына алаңдаған жергілікті шаруашылықтар көмек беруді жалғастыра береді. Ал, екі облыс әкімдіктері арасындағы меморандумға сәйке, Маңғыстау жеріне 1300 тонна шөп жөнелтілген.

Маңғыстау өңіріндегі қуаңшылықтың малға тигізген кесірін білген Бақытжан Ержанов әрекетсіз қалуды ұят санаған. Сондықтан облыстағы ірі шаруашылықтың бірін басқаратын ол дереу нақты іске көшіп, қысқа жиып жатқан шөбінен үлестіруді шешеді. Алғашқы көмегі ретінде жүк көлігіне 20 тоннаға жуық мал азығын тиеді. Қожалықтағы төрт түлікке жыл сайын 25 мың орама шөп дайындайынтын ол көрші өңірге қара күзге дейін де көмек көрсетпек ниетте. Ал, өзге шаруаларға тастаған үндеуі де бірден қолдау тауып, қазір өзі секілді қол ұшын беруге дайын азаматтардың қатары көбейген.

Бақытжан Ержанов, шаруа қожалығының басшысы:

- Мынау қазір Бейнеу ауданына барады. Екінші рейс қазір келеді. Ол Түпқараған ауданына барады. Одан кейін қазір тағы бір жерге жіберем. Ол Маңғыстау ауданына барады. Солай әзірге бір-бірден жібере берейік, көрсін елдегілер. Тек олардан қазір бізге көлігін жіберсе болды. Біз шөп тиеуге әзірміз. Бұл енді бірінші рейс. Бірақ жалғасын табады.

Ақтөбе облысы бойынша әзірге Ойыл, Қобда, Байғанин, Хромтау және Мәртөк аудандарында Маңғыстаудың малына көмек көрсету қолға алынған. Кейбір өлкеде жөнелтілетін шөптен өзге жем де бір орынға жиылып жатқан көрінеді. Тек шаруалардың тасу мәселесі шешіліп, тұрақты жолға қойылса деген ниеттері бар. Әзірге көрші өңірдің көліктері келіп алуда.

Нұрлан Жаумытбаев, жүк көлігінің жүргізушісі:

- Жаңаөзен қаласынан шықтым. Мың жарым шақырым жүріп келдім дәл осы жерге дейін. Енді мына шөпті Ақтөбе облысынан алып жатырмыз. Маңғыстауға бұйырса көмек ретінде алып бара жатырмыз. Шаруа қожалықтарына апарып тапсырам мына шөпті. Бұл да малдың қырылмауына сауапты іс деп ойлаймын істеп жатқанымыз.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы қызметкерлерінің айтуынша, екі өңір арасындағы меморандумға сәйкес қазір жұмыс қарқын ала түсті. Тегін шөп беруден өзге, текшеленген түрін арзан бағаға ұсынған шаруалар да бар. Дегенмен, биыл Ақтөбе аймағындағы кейбір ауылдық округтердің өзінде де шөптің шығымы аз. Бұған ауа райы әсер еткен. Бірақ бұл мәселені шешу қолға алыныпты.

Асылхан Абтиев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

- Шөп шабатын жер жеткілікті. Сондықтан біз ойлап отырмыз, шаруашылықтар біріншіден, барлық күштерін салып, мемлекет тарапынан қандай ұсыныстар беріп жатыр. Ол біріншіден, орман шаруашылығы жерлерін шапсын деп отырмыз. Бір. Екіншіден, мемлекет қордағы жерді шабуға оған да рұқсат беріліп отыр. Ол үшін шаруашылықтар өздерінің тиісті әкімдігіне барып, арызын жазады. Егер де ол бос жер болып жатса, соны келістіріп, шөпті дайындау жұмыстары бар.

Бүгінде облыс бойынша 465 мың шабындық және 202 мың гектар егілген шөптер алқабы бар. Маусымның соңғы онкүндігінде шабу науқанына кіріскен шаруалар қазірдің өзінде қысқа қажетті мал азығының алпыс проценттен астамын жиып үлгеріпті.

Авторлары: Әунарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы