Қазақстанда 1100-ден аса ауылда ұялы байланыс атымен жоқ

Елімізде мыңнан аса ауылда ұялы байланыс жоқ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Елдімекендердегі жұрттың телефонмен сөйлесуі мұң. Интернет туралы айтпаса да болады. Тіпті елорданың іргесіндегі Қызылсуатта байланыс бірде бар, бірде жоқ. Мұны екі апта бұрын айтқан едік. Бүгінде олқылық жойылды ма? Операторларға қандай шара қолданылды?

Қорған Қонысбайұлы, тілші:

- Шалғайдағы емес, елорданың іргесіндегі Қызылсуаттың жұртына алыстағы ағайынымен байланысу қиынға соғатынын айтып едік, екі апта бұрын. «Кейде өркениет игілігінен мақұрым қалғандай күй кешеміз», деген тұрғындардың базынасы тиісті министрлікке жеткен.

Ержан Мейрамов, ҚР ЦДИАӨМ Телекоммуникациялар комитетінің төрағасы:

- Қызылсуат елді мекені бойынша тиісті тексеріс жүргізілді. Нәтижесінде аталған ауылда интернет жылдамдығының параметрлерге сай еместігі расталды. Tele 2 мен Kcell операторларына 100 АЕК бойынша айыппұл салынды. Олар биылғы қазан айының соңына дейін олқылықты жойып, ауылдағы мобильді интернеттің жылдамдығын арттырамыз деп уәде етті.

Қорған Қонысбайұлы, тілші:

- Елорданың іргесін айтамыз-ау. Бас қаланың өзінде ұялы байланыс нашар. Сенесіз бе, Хан шатырдың артындағы үйлерде мобильді интернет жоқ.

Ертай Дүйсенбаев, қала тұрғыны:

- Мен білетін бір адам ұлттық компанияға жұмысқа кіретін болды да собеседование онлайн өткіземіз деді. Сол онлайн 3-4 рет интернет үзіліп, сол себепті жұмысқа кіре алмады. Өзіміздің пәтерде отырып сантехниктерге звондай алмаймыз. Жедел жәрдем, полицияны былай қояйық. Астымыздағы паркингте отырған күзетке звондай алмаймыз. Елорданың ортасында тұрып осындай күй кешудеміз.

Жағдайды реттеп, мобильді интернеттің жылдамдығын арттыру үшін не істемек керек? Ол үшін...

Қорған Қонысбайұлы, тілші:

- Ол үшін үйдің шатырына ретранслятор аталатын база орнату керек. Сонда мобильді интернеттің жылдамдағы күшейеді. Бірақ әлгі базаға кейбір тұрғындар қарсы.

Әсел Абдуллина, қала тұрғыны:

- Базаны біздің үйге орнату керек дейді. Бірақ ол қауіпті. Денсаулыққа зияны бар. Қондырғыдан ағзаға теріс әсер ететін толқындар тарайды. Сондықтан түбегейлі қарсымыз. Аппаратты саябақтарға орнатсын. Бірақ ауламыздан аулақ әкетсін.

Ертай Дүйсенбаев, қала тұрғыны:

- Мен өзім қарсы емеспін. Мен білем, пәтердегі микроволновкадан 100 есе артық. Микроволновка 100 есе артық излучение береді төбедегі ретрансляторға қарағанда.

Талап бойынша 4G-дің жылдамдығы секундына 5 мегабитт, 3G-дікі 1 мегабитт болуы керек. Бірақ бірқатар тұрғын үй кешенінде жылдамдық 1-ге жетпейді.

Талғат Әбділдинов, мобильді оператор ұйымының инженері:

- ЖК «Шатыр», «Аляска», «Зеленый квартал» деген тұрғын үйлер қазір байланыс нашар деп айтып жатыр. Себебі бұл жаңа аудан. Секторларда утилизация жоғары. Ол дегеніміз, адамдар саны көп. Ралиоантенналар кедергі жасайды.

Ұялы байланысты жақсартатын ретрансляторды орнатуға үй тұрғындарының 70%-і келісім беруі тиіс. Алайда олай болмай тұр. Естідіңіз, әлгі жылдамдықты арттыратын базадан радиотолқын көп таралады деп қорқатындар бар. Жалпы ұялы операторлардың байланысы нашар болса, оларға 100 АЕК бойынша айыппұл салынады. Бірақ ірі-ірі компанияларға бұл сома аз емес пе?

Ержан Мейрамов, ҚР ЦДИАӨМ Телекоммуникациялар комитетінің төрағасы:

- Бұл айыппұл көлемін бізде аз деп есептейміз. Сондықтан депутаттар әкімшілік құқықбұзушылық кодексіне өзгеріс енгізіп, сапасыз интернет тарататын операторларға салынатын айыппұл мөлшерін 10 есеге дейін ұлғайту туралы бастама көтерді.

Біреуге интернеттің жылдамдығы мұң. Ал, мың бір жүзден аса ауылда ұялы байланыс атымен жоқ. Сұхбат барысында комитет төрағасы «2024 жылға дейін 561 ауылға ұялы операторлар байланыс жеткізуге міндеттелді» деді. «Сөйтіп, келесі жылдың соңына қарай елорда, Алматы, Шымкентте 5G пайда болатынын айтып, сүйіншіледі. Бірақ тұрғындар 5-еуден бұрын бас қалада 4G-дің өзін жарытып алу керек», - дейді.

Авторлары: Қорған Қонысбайұлы, Марат Диханбаев