Елімізде ауыл әкімдерін сайлаудың үгіт-насихат жұмыстары басталды

Партия атынан сынға түскен және өзін өзі ұсынған кандидаттар түгел тіркеуден өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Орталық сайлау комиссиясы тәуелсіз ел тарихында алғаш өтетін әкім сайлауында халықтың белсенділігі жоғары екенін айтады.

Рауан Мыңбаев, тілші:

- Президент бастамасы бойынша биыл алғаш рет аудандық маңызы бар қала, кент және ауыл әкімдерінің тікелей сайлауы өтеді. Бұл елдегі саяси жүйенің кемелденген көрінісі. «Қоғамды демократиялық тұрғыда дамытудың тағы бір жолы», - дейді саяси науқанға қатысушылар.

Нұрлыбек Мұқанов, «ADAL» саяси партиясының хатшысы:

- Еліміздегі 14 облыс бойынша 41 ауданнан, 49 ауылдық округтерге 49 кандидатымыз тіркеуден өтті. Әр ауылдық округте бірнеше ауылдан бар. Осы 49 кандидатымыз 135 ауылдық елді мекеннің экономикасы осы біздің үміткерлеріміздің мойнына жүктеледі.

«ADAL» партиясы үшін бұл құрылғалы бері қатысып отырған екінші саяси шара. Бұған дейін Мәжіліс сайлауында бақ сынаған. Ал «Ақ жол» демократиялық партиясы саяси аламанға 150-ден астам үміткерін ұсынып үлгерді.

Нәтижесінде жартысынан көбі тіркеуден өтті.

Берік Дүйсенбинов, ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «Ақ жол» ДП фракциясының өкілі:

- Бізде Жамбыл, Ақтөбе облысында, Ақмола облысында үміткерлер тіркелді. Кейбір облыста, мысалы, Шығыс Қазақстанда бір ғана үміткер тіркелді. Бұл облыста біздің тараптан әкімдікке бір ғана адам түсті деген сөз емес, қалған үміткерлер әртүрлі құжаттарын өткізе алмай, тіркеуден өте алмады.

«Қазақстан халық партиясы» да ауыл әкімдері сайлауынан тыс қалмады. Ұсынылған кандидаттары елдің барлық аймағында бар.

Айқын Коңыров, «Қазақстан халық партиясының» төрағасы:

- «Қазақстан халық партиясы» аудандық деңгейдегі қала және ауылдық округ әкімдерінің сайлауына 71 кандидатты тіркеді. Олардың бәрі біздің партия құрамында. Негізгі бөлігі Қарағанды, Түркістан және Жамбыл облыстары. 14 өңірді түгел қамтыдық.

Ал әуелден ауылдың әлеуетін көтеруді көздейтін «Ауылдықтар» бұл сайлауға 104 кандидатын тіркеді. Құрамында әйелдер де бар.

Төлеутай Рахымбеков, «Ауыл» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

- Аумақтық сайлау комиссияларының үміткер деген куәлігін алған 104 біздің өкілдеріміз бар. Оның ішінде әйелдер 11. Орта жас 35-45 жас ортасында. Ең көбі Түркістанда, 19 үміткер. Шығыс Қазақстанда 18. Оның жанында Ақтөбе мен Жамбыл облыстарында 16 үміткерден бар.

Аумақтық сайлау комиссияларының мәліметі бойынша елдегі 730 ауылдық округте тағы 1 мыңнан астам адам өзін-өзі ұсынған. Олардың басым бөлігі Ақмола, Қарағанды, Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарында. Орташа есеппен 1 орынға 3 үміткерден келеді.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Марат Диқанбаев