Кентау қаласы бойынша Қарнақ ауылының әкіміне төрт үміткер тіркеуден өтті

Алдағы сайлауда Кентау қаласы бойынша Қарнақ ауылының әкімі сайланады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Төрт үміткер тіркеуден өтіп, үгіт-насихат жүргізіп жатыр. Кандидаттардың барлығы осы ауылдың тумасы. Үшеуі саяси партияның атынан түссе, біреуі өзін өзі ұсынған. Қарнақ ауылында 15 мыңнан астам халықтың сегіз мыңы сайлауда дауыс беруге құқылы. Сайлаушыларға ыңғайлы болуы үшін ауылдағы барлық мектепте сайлау учаскесі ұйымдастырылған. Бүгін ауыл тұрғындары мен үміткерлер жыйылып, алты қанат ақ үй тікті. Шаңырақтың әр уығын кандидаттар қадады. Ақсақалдар ел басқаруға ниетті азаматтарға ақ батасын беріп, сәттілік тіледі.

Ермек Мұхиддинов, ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы:

- Президентіміздің ұсынысымен бірінші рет ауыл әкімдерін сайлауды халыққа тапсырды. Сол үшін үміткерлердің барлығы ауылдың жігіттері. Ауыл болып, соған дайындалып болып жатыр. Киіз үйді бір шаңырақтың астында бәріміз ауызбіршілікпен сол сайлауды өткізу үшін осында жиылып, тігіп отырмыз.

Амалбек Өміртай, Кентау қаласы әкімдігі аппаратының басшысы:

- Барлық учаскелерде аумақтық сайлау комиссиясы тиісті комиссияларды құрып, дайындық жұмыстары толығымен аяқталды. Кандидаттарымыз үгіт-насихат жұмыстарын бастады. Енді олар сайлаушылармен кездесіп, сол жерде өздерінің алға қойған мақсаттарын, жоспарларын, сайлауалды бағдарламаларын халыққа насихаттайды. Халық өте белсенді.