424,02 504.55 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақтөбе маңындағы Қарақұдық ауылы суды тасып ішеді

  • 67
  • UPD: 10:22, 16.07.2021

Ақтөбе маңындағы Қарақұдық ауылының жартысына коммуналдық инженерлік желілер жүргізілмеген. Тұрғындар ауыз суды тасып ішіп, әлі күнге от жағып отыр.

Жасы жетпіске жеткен Аққаным әжей ас пісіру үшін тезек тасып, от жағады. Үш жүз мың теңге төлеп қаздырған құдықтың суы да лайланып, ішуге жарамсыз болып шыққан. Суды күнделікті қаладан алдыртады. Темір ауданынан облыс орталығына жақын Қарақұдыққа көшіп келгеніне үш жылдан асыпты. Алайда ауылдағы тұрмыс- тіршіліктен айырмашылық жоқ дейді. 

Аққаным Мырзабаева, Қарақұдық ауылының тұрғыны: 

- Үш жылдан бері от жағып отырамыз. Көмір аламыз 85 мыңға, ағаш тағы аламыз. Балаларым сабаққа барады. Қыста қатты қорлық көрдік. Талай келінімізбен екеуміз тіземізден қар кешіп, мына көршілер көрді, балаларымызды алып бардық. 

Қарақұдық ауылының жаңа ауданында 900-ден астам үй салынуы тиіс. Қазір жүзге жақын баспананың төбесі көрінеді. Жартысына қоныстанып үлгірген. Тек үш үй ғана жолдың арғы бетіндегі ескі ауданнан құбыр жүргізіп, көгілдір отын тартып алған. Оның өзіне үш жарым миллион теңге қаражат жұмсапты. Ал өзгелері мұндай соманы қалтамыз көтермейді дейді.

Назым Төребаева, қарақұдық ауылының тұрғыны:

- Біздің номеріміз 522. Мыналар 9. Енді соншама жер берілді ғой. Берілгеннен кейін біздің жағдайымызды жасау керек. Уәде берілді ғой. Газ кіреді деді бізге келген жылы, су кіреді деді. Свет келеді деді. Енді светін берді. Енді қалған жағдайымызды жасауы керек. Налог төлеп жатырмыз. Айтқандарының барлығын істеп жатырмыз.

Ауыл әкімі газ желісін жүргізуге бас жоспардағы қатенің кедергі екендігін айтады. Электр бағандары мен газ құбыры өтетін жерлерден жер учаскелері беріліпті. Тіпті кейбір үйлердің ауласын кесіп өтеді. Бұл тұрғындар үшін қауіпті. 

Мәулен Ідірісов, Қарақұдық ауылдық округінің әкімі:

- Қателік кімнен кетті? Бұрынғы жерді атқан мердігер компаниялардан кетті ме? Болмаса жерді бөліп берген әкімшіліктің шешімінен кетіп тұр ма? Осы жөнінде анықтама жұмыстары жүріп жатыр. Биылғы жылдың май айынан бері айналысып жатырмыз. Жақын арада шешімін табуымыз керек.

Газ желісін жүргізуге жаңадан жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп жатыр. Оған аудан бюджетінен 13 миллион 340 мың теңге бөлінген. Жоспар бекітіліп, қаражат бөлінсе құрылыс жұмыстары басталуы тиіс. Алайда тұрғындар биыл көгілдір отынның қызығын көрмейтін сияқты. 

Мансұр Есқожин, Айбек Даутов

Хабар 24 телеарнасы