Сенатор Атырау облысының тұрғындары алдында атқарылған жұмыстар туралы есеп берді

Сенат депутаты Ғұмар Дүйсембаев Атырау облысының Исатай және Құрманғазы аудандарының тұрғындарымен кездесті.

Сенатор ауыл тұрғындарына Палата қызметінің қорытындылары туралы айтып, өткен сессия барысында қабылданған заңдардағы негізгі жаңалықтар туралы жан-жақты хабардар етті. Ол сондай-ақ осы уақыт ішінде Үкімет басшысының атына бірнеше депутаттық сауал жолдағанын атап өтті. Оның барлық өтініштері Атырау облысының тұрғындары көтерген проблемалық мәселелерге арналған болатын.

Сенатордың биылғы мамыр айында өңірге сапары барысында Қызылүй және Жасқайрат ауылдарының тұрғындары газ құбырын тарту мәселелерін айтқан еді. Ғұмар Дүйсембаев осы мәселені шешуге атсалысқанын атап өтті. Соның нәтижесінде қазіргі кезде қажетті қаржы бөлініп, тиісті рәсімдер өткізілді. Жүздесу кезінде мемлекеттік меншіктегі Нарын су арнасын күрделі жөндеу мәселесі де талқыланды. Бұл су арнасы 4 елді мекен тұрғындарының малы жайылатын жайылым алқабын сумен қамтамасыз етеді.

Құрманғазы ауданының Асан, Азғыр, Балқұдық және Сүйіндік ауылдарында мемлекеттік шекарадан жеңілдетілген тәртіппен өту шарттарын жақсартуға қатысты сұрақтар сенаторға көбірек қойылды. Қазір өңір тұрғындары шекараны шектеулі уақытта тек жеке автокөлікпен және 30 килограмм жүкпен ғана кесіп өте алады. Сенатор бұл мәселе Қазақстан мен Ресейдің Сыртқы істер министрліктері деңгейінде ғана емес, екі елдің Үкімет басшылары тарапынан да қаралып жатқанын атап өтті. Ғұмар Дүйсембаев сондай-ақ бұл мәселе Қазақстан Парламенті Сенатының және Ресей Федерациясы Кеңесі Федералдық жиналысының төрағалары мен депутаттарының кездесулері кезінде де көтерілгенін еске салды.

Ауыл тұрғындары көтерген тағы бір мәселе жолдардың сапасына қатысты болды. Сенатор мәселені жергілікті жерде зерделеу үшін жол мамандарымен, мердігер ұйымдардың өкілдерімен бірқатар кездесу өткізіп, Атырау – Астрахань автомобиль жолының құрылыс барысымен танысты. Депутат жүргізіліп жатқан жұмыстардың сапасы жоғары болуы маңызды екеніне мердігер ұйымдардың назарын аударды.

Сенатордың ауыл тұрғындарымен, қоғамдық ұйымдардың өкілдерімен, сондай-ақ аудандар мен облыс басшылығымен барлық кездесулері барысында Ғұмар Дүйсембаев Сенаттағы және тиісті сала мамандары атқарған жұмыстары туралы егжей-тегжейлі хабардар етті.