424,15 504.60 5.74
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Рысқали Әбдікеров Балқаш қаласындағы әлеуметтік дүкендердің жұмысымен танысты

  • 67
  • UPD: 11:37, 16.07.2021
Рысқали Әбдікеров Балқаш қаласындағы әлеуметтік дүкендердің жұмысымен танысты

Сенатор Рысқали Әбдікеров Балқаш қаласында болып, қаланың білім беру нысандары мен әлеуметтік дүкендеріннің жұмысымен танысты.

Депутат қаладағы орта мектептің қызметімен және жаңа оқу жылына дайындық барысымен танысты. Сондай-ақ көпсалалы корт пен спорт алаңын, спорт залы мен оқу кабинеттерін аралап көрді. Депутат пәндік кабинеттерді компьютерлік техникамен және оқу әдебиетімен жабдықтау мәселелеріне назар аударды. Сенатор сонымен қатар оқу орнының қасбетін жөндеу қажеттігін де атап өтті.

Қазіргі кезде тауарларға, оның ішінде бірінші кезектегі өнімдерге бағаның өсуі халықты толғандырып отыр. Сенатор Балқаш қаласындағы жағдайды жан-жақты зерделеу үшін әлеуметтік дүкендерге барып, олардың жұмыстарымен танысты. Бүгінгі таңда қалада 13 азық-түлік павильондары мен коммуналдық дүкен жұмыс істейді, олармен әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасын ұстап тұру бойынша меморандумдарға қол қойылған болатын. Депутат атқарылып жатқан жұмыстарды күшейту жөнінде бірқатар нақты ұсыныстар айтып, мұның қала тұрғындары үшін аса маңызды екенін атап өтті. Әкімдік өкілдерімен кездесу барысында Балқаш қаласында коммуналдық базардың ашылуы туралы да сөз болды.

Сенатор сапар соңында қала тұрғындарымен де кездесті, онда қала тұрғындарын толғандыратын мәселелер, елді мекеннің даму келешегі және басқа да өзекті тақырыптар талқыға салынды.

Хабар 24 телеарнасы