Ақтөбені қою түтін тұмшалады

Ақтөбені өткен түнде қою түтін тұмшалап алды. Тұрғындардың тынысын тарылтқан қою ыс төңіректі перделеп тастаған.

Экологиялық апат шаһар маңындағы қоқыс полигонынан басталыпты. Тұрмыстық қалдық төгілетін аумақта кеше өрт болып, төтенше жағдайлар департаменті мен коммуналдық қызмет жұмысшылары күні бойы сөндірген. Аумағы 700 шаршы метрге жеткен тілсіз жауды тоқтатуға 20-дан астам техника, 40-қа жуық маман жұмылдырылды. Ашық жалын кешкі сағат 22:00 шамасында жойылғанымен желдің бағыты өзгеріп, қою түтіні қалаға жетіпті. Қазір қоқыс полигонында бықсып жанған тұстары көміліп жатыр.

Марғұлан Аманбаев, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы:

- Негізгі өрттің шығу себебі қазіргі кезде белгісіз. Бөгде адамдардың ішіне кіріп шылым және тағы да басқа заттардың тастауы және де қоқыс полигонының ішкі температурасының қызуынан болуы мүмкін. Екі себеп. Кешегі күні 22 сағат 30 минутта өрт оқшауландырып, сөндірілді. Ашық өрт қазіргі кезде жоқ.