424,15 504.60 5.74
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Вашингтонда діни бостандықтың халықаралық саммиті өтті

  • 71
  • UPD: 15:16, 16.07.2021
Вашингтонда діни бостандықтың халықаралық саммиті өтті

13-15 шілде күндері Вашингтон қаласында (АҚШ) Діни бостандықтың халықаралық саммиті өтті.

Іс-шара АҚШ-тың Халықаралық діни сенім бостандығы мәселелері жөніндегі комиссиясымен және конгресімен ұйымдастырылып, оған оффлайн форматта 1000-нан астам, ал онлайн режимінде 10 000-нан астам мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам өкілдері қатысты.

Айта кетсек, 9 маусымда Қазақстан Президенті Қ.Қ.Тоқаев «Қазақстан Республикасының адам құқықтары саласындағы одан әрі шаралары туралы» Жарлыққа қол қойды, оны іске асыру құқық қорғау саласын кешенді жаңғыртуды қамтамасыз етеді.

Саммит барысында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитетінің төрағасы Ержан Нүкежанов сөз сөйлеп, Қазақстан елдегі конфессияаралық келісімді қолдауға және діндар жандардың діни сенім бостандығына құқықтарын қамтамасыз етуге ерекше назар аударатынын атап өтті.

«Барлық конфессия мен діндердің ізбасарлары Қазақстанда өздерінің рухани қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін кең мүмкіндіктерге ие. Халықаралық қоғамдастық үшін конфессияаралық, дінаралық диалогты орнатуда мысал ретінде елімізде 2003 жылдан бастап және әрбір үш жыл сайын Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін өткізу болып табылады. Әр съезд түрлі діндер мен конфессиялар өкілдері арасындағы байланыстарды нығайтуға ықпал етті, діни қауымдастықтар арасындағы сенім мен өзара құрметтің тұрақты өсуінің негізін қалады», – деді Е.Нүкежанов.

Саммит аясында қазақстандық делегация АҚШ Мемлекеттік департаментінің халықаралық діни бостандық бойынша ерекше тапсырмалар жөніндегі экс-елшісі Сэм Браунбекпен және Lantos Foundation адам құқықтары мен әділдік қорының президенті Катрина Лантос Суэтпен кездесті. Сондай-ақ Мемлекеттік департаменттің халықаралық діни бостандық басқармасының директоры Дэниэл Наделмен және АҚШ-тың Халықаралық діни бостандық жөніндегі комиссиясы төрағасының орынбасары Нури Түркелмен келіссөздер жүргізіп, Қазақстанда діни сенім бостандығын қамтамасыз ету және АҚШ-пен екіжақты серіктестікті одан әрі нығайту мәселелері талқыланды. Кездесу қорытындысы бойынша америкалық тарап аталмыш саладағы оң динамиканы жоғары бағалады.

Сонымен қатар ҚР АҚДМ Дін Істері комитеті мен АҚШ-тың «Love Your Neighbor Community» үкіметтік емес ұйымы арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Меморандум діни бірлестіктер өкілдері мен мемлекет арасында діни бостандықтарды іске асыру және адамның негізгі құқықтарын сақтау мәселелерінде диалогты жетілдіруге мүмкіндік береді деп күтілуде.

 

 

Хабар 24 телеарнасы