Кейбір адамдарға вакцинаның орнына плацебо егілетіні туралы жалған ақпарат тарады

Telegram каналында COVID-19-ға қарсы вакцинацияланған адамдар тәжірибеге қатысушылар болып табылатыны туралы хабарлама тарады.

Автордың айтуынша, вакцина салдырғандардың бәріне бірдей металл заттар жабыспайтыны бұған дәлел бола алады. Бұл – жалған ақпарат, деп хабарлады stopfake.kz.

Хабарлама авторы вакцинаның ешқайсысы сынақтан өтпеген және мақұлданбаған деп мәлімдейді. Шын мәнінде бүгінгі күні кем дегенде бір елде 20 вакцина мақұлданып отыр. Вакциналардың клиникалық сынақтарының нәтижелері ашық дереккөздерде жарияланды. Мысалы, «Спутник V» вакцинасы 60 жастан асқан адамдарда да сыналды. Ал Pfizer/BioNTech және Moderna препараттары жүкті әйелдер үшін де қауіпсіз деп танылды.

«Кейбір адамдарға вакцинаның орнына плацебо егілетіні де шындыққа жанаспайды. Екпені алуды магнит сияқты металл заттарды тарту арқылы тексеруге болмайды. Вакциналар құрамындағы магнит бөлшектер туралы болжамдар бірнеше рет теріске шығарылған. Вакциналарда магниттік қасиеттері бар бөлшектер жоқ», - делінген stopfake.kz хабарламасында.