ШҚО: шалғай ауданда озық медициналық қондырғылар орнатылды

Шығыс Қазақстанның Қытаймен шекарадағы шалғай ауданында озық медициналық қондырғылар орнатылып, халық игілігіне берілді.

Үржар ауданы облыс орталығынан 500 шақырымда жатыр. Бұрын жұрт ПТР талдамасының нәтижелерін ұзақ күтетін. Өйткені мұнда зертхана жоқ еді. Қауіпті індет өршіген тұста компьютерлік томографияның жоқтығы да үржарлықтарды әуреге түсірді. Міне, осы мәселелерді шешу үшін облыстық бюджеттен 420 миллион теңгеден артық қаражат бөлініп, енді жұрт алысқа сабылмайтын болды. Бұрын халық сапалы медициналық қызмет үшін Семей, Өскемен қалаларына баруға мәжбүр еді. Аудандық аурухана бюджеттік шығындардан бөлек өз қаржысына емхана мен бірнеше бөлімге жөндеу жүргізгенін де айта кетейік.

Баубек Әбілқасымов, Үржар аудандық ауруханасының Бас дәрігері:

­­­­­­­­ ПТР зертханасы және компьютерлік томография аппараты мамандармен толық қамтамасыз етілген. Зертхана тәулігіне 350-400 сынама жасауға мүмкіндік береді және ПТР қорытындысы күнбе-күн дайын болады. Компьютерлік томография аппараты бір күнде 15-20 минут сайын бір адамнан қабылдап, халық ешқандай кедергісіз, толыққанды медициналық көмек ала алады.

Қайырбек Ақжігітов, ауыл тұрғыны:

­­− Өскемен, Семейге барудың қажеті жоқ, өзіміздің ауданымызда заманауи аппараттар қойылды. Бір күнде барлық медициналық сараптамаларыңыз дайын болады. Анализ өткізсе, анализ дайын, аппаратқа түссе, ол да шығып жатыр уақытылы. Халыққа осындай мүмкіндік жасап жатқан азаматтар мен азаматшаларға алғысымызды білдіреміз. Аурумен арпалысып жатқан қаншама азаматтар, әуелі Алла болса, сосын осы кісілердің арқасында емделіп, өздерінің отбасымен қауышып жатыр.