Қостанайда шөп қымбаттап кетті

 

Қостанайда шөп бағасы шарықтап кетті.

Қуаңшылық болған соң қат дүниеге айналды деуге де келмейді. Өйткені шөп тиеген жүк көліктері қалаға кіре берісте тізіліп тұр. 300 келілік ораманың бағасы 12 мың, ал бір бума 700-800 теңгеден сатылып жатыр.

Бұған дейін де мал азығын ала жаздай жүгіріп әзер дайындайтын ағайынның биыл тіптен басы қатты. Мұндай бағамен мал шығынды ақтамайды-дейді шаруалар. Шарықтаған баға, шарасыз ауыл жұрты жайлы тілшімізден білейік.

Шөп сатушылардың бәрі камера алдында сөйлеуден бастарын алып қашты. Суыртпақтап сұрап білгеніміз, бұл жерде шөптің тоннасы 40-50 мың тенге шамасында екен. Және одан түсіргісі жоқ. Негізінен Науырзым, Әулиекөл аудандарынан әкелінген. Бірең-сараң жүрген адам болмаса, таласып-тармасып алып жатқандарды байқамадық. Екі жақта аңдысып, әліптің артын бағып отырғандай. Ауылдағы ағайын мұндай бағаны қалтамыз көтермейді-дейді.

Әмір Қайыров, Айсары ауылының тұрғыны:

­– Бір сиырға он рулон керек. Он рулон 100 мың тенге мысалға. 190020 алдың арқасында ауылда тұрып жатырмыз. Жағдай қиын болып тұр.

Осындай қиын-қыстау кезде шөп шабатындар бағаны шарықтата бермей, жетпей жатқандарға қарайласса болар еді, дейді ауыл тұрғындары.

Алмас Шаймағамбетов, Айсары ауылының тұрғыны:

– Егін шабатын азаматтар сол егіннің соломы болады. Сол сабанды халыққа арзан бағаға сатса, биылғы осындай қиын қыстау кезеңнен өтіп кетсек.

Ал шөп шауып жатқан шаруалар «ауылды арзан азықпен қамтамасыз етпек түгілі өзімізге қажетін жинап алсақ сол» дейді. Мүлде шөп шықпаған шабындықтар бар. Сондықтан амал жоқ жол жиегі мен сай-саланы қуалап шабуға тура келеді.

Тоғайбай Шәкірбаев, шаруа:

– Шабатын шөп түгел, малдың жайылатын жері жоқ. Қу тақыр болып қалды.  Қамыс арасы сондай жерлерді шауып жатырмыз.

Облыстық ауылшараушылық басқармасындағылар жем-шөп дайындау тұрақты бақылауда екендігін айтады. Қазір шаруаларға орман қоры, су қоймалары маңындағы шабындықтарға шалғы салуға мұрсат беріліп отыр.

Нұрсұлтан Қабделов, облыстық Ауылшаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:

– Сонымен қатар астық дақылдарының сабақтары төиен болғанын ескере отырып, жинау жұмыстары кезінде комбайндардың және копинтелдерін пайдалану ұсынылып отыр.

Шілде айында мал азығын арзандатуға бюджеттен 1,9 млдр теңге бөлу жоспарланған. Бұл көмекке қол жеткізу үшін шаруалар электронды өтінім беруге тиіс. Соған сәйкес әрбір сиырға 15 мың, жылқыға 10 мың, ұсақ малға 2 жарым мың теңге субсидия беріледі.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг