Ұранқайда не айқай?

Шығыс Қазақстанда Ұранқай деген ауыл бар. Марқакөлдің жағасындағы жайлы мекен демесең, шешілмей жатқан мәселесі шаш-етектен.

Сұрайтындары қарапайым қажеттілік – жол, жер және интернет. Мәселен, 300-ден астам тұрғыны бар ауылдағы жолдың жөнделмегеніне 75 жыл болыпты. Қазір тұрғындар «айта, айта Алтайды, Жамал апам қартайдының» кебін киіп отыр.

Төлеген Айтқажыұлы, Ұранқай ауылының тұрғыны:

– Осы жерге асфальт саламыз деп 27 жасымда уәде берген деген, жетпіске келдік, шал болдық, біздің балалар да соны күтіп жүре ме тағы деп алаңдаймыз.

Тіпті асфальт емес, қиыршық тас төгіп, жолдарды тегістеп, көпірлерді жаңартып берсе, ұранқайлықтар соған да риза. Жасы сексенді алқымдаған Шайзада Ожекенов құдай қосқан жарын ауруханаға апарайын десе, көлікпен үйінен шыға алмай отыр. Отын-су түсірейін десе де, мына бір титтей жырадан өте алмайды. Көпір опырылып қалған. Ауыл әкімдігіне талай айтқанымен, бас қатырған ешкім болмапты.

Шайзада Ожекенов, Ұранқай ауылының тұрғыны:

–Жолға шығу керек, Алексеевкаға бару керек,отын-су тасу керек. Кемпірімді ауруханаға апара алмай отырмыз.

Әупірімдеп ауылға кіретін тас жол салынып жатыр еді, ол да орта жолдан тоқтап қалыпты.

Ұранқай ауылының тұрғындары күткен жол бар болғаны 3,8 шақырымға жетіп, тоқтап қалған, өйткені ары қарайғы жол орман шаруашылығының иелігінде. Жұрт бұл жолды қазір 5 минуттық бақыт жолы немесе тыныштық жолы деп атап кетіпті.

5 минут бақыт жолының ұзаруы «жер мәселесінің шешілуіне байланысты екен. Ауылға қарасты жердің біраз бөлігі Марқакөл орман шаруашлығының балансында. Ұлтарақтай жерді алу үшін ұшан теңіз уақыт қажет.

Алиджан Беткембаев, Төсқайың ауылдық округінің әкімі:

–  Ол үлкен жұмыс, бір айдың ішінде шешілетін нәрсе емес, астанамен сонымен шешіледі. Қазір 69 гектар бізге берілді. Ол ауылға жетпейді. Әлі шамамен 20га жер керек.

Шекара шебіндегі Ұранқай ауылының жайы мәжіліс депутаттарының да назарында екен. Дәл осы әлеуметтік проблемаларды жедел шешпесек, шекарадағы халықтың үдере көшуіне түрткі болады дейді олар.

Ерлан Саиров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Шекараны қорғайтын шекарашылар емес, шекараны қорғайтын –сол жердегі жергілікті халық. Осы аксиоманы әрқашан есімізде сақтауымыз керек. Жол мәселесін де әкімшілік өкілдерімен қарастырдық. Жолға ақша бөлінген, бірақ өңірде жолды салуға мердігер болмағандықтан ол тоқтап қалған, келешекте ол жерде жол салу жұмыстарын жалғастыру жоспарлары бар

Бұдан бөлек, ауыл қарттары тегін берілетін дәрі-дәрмекке мұқтаж. Ауылда дәріхана жоқ. Халық 90 шақырымдағы Марқакөл ауылына баруға мәжбүр. Айтпақшы, Ұранқайлықтар Марқакөлдің маңайына күл-қоқыс төгіліп жатқанына да алаңдаулы. Өйткені ауылда қоқыс алаңына арналған жер де табылмай тұр.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов