Перзентханадан пентхаус артық па?

Алматыда қала тұрғындары мен жеке компания арасында текетірес жалғасып жатыр.

Дау-дамай құрылыс компаниясының Республикалық акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығының жанынан көпқабатты үй салу әрекетінен кейін туындаған. Бұған наразылық білдірген тұрғындар  қала әкімдігінен құрылысты тоқтатуды талап етті. Ал Жер ресурстары комитетіндегілер медициналық орталықтың 1 гектарға жуық жері компания меншігіне заңсыз рәсімделген деп отыр. 

Қолдарына бірнеше плакат ұстап, жауынның астында жаурап тұрған бұл адамдардың жанайқайын кім естиді? Олар  «High Garden» тұрғын үй кешенінің бой көтеруіне түпкілікті қарсылық білдіріп, наразылық акциясына шықты. Құрылыс алаңына кіре алмағандықтан барлығы Достық көшесінің бойына жиналды.

Жанар Әбділдинова, қала тұрғыны:

– Заңсыз алған жерді халыққа қайтарсын. Бұл жерде ертеңгі болашақ аналар, аяғы ауыр әйелдер жүруі керек. Осы жерде денсаулықтарын жақсартуы керек. Бұл жер – халықтың жері. Оны заңсыз беруге болмайды.

Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары тоқтап тұр. Себебі «Enterprise Development Group» компаниясынан рұқсат құжаттардың барлығы кері қайтарылды.  Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасы бұл жөнінде түсініктеме беруден үзілді-кесілді бас тартып отыр. Ал құрылыс компаниясы болса нысан тұрғызу талаптарын өрескел бұзған. Тіпті, жүк көліктері құрылыс  алаңына бару үшін перзентхана ішімен еркін жүрген.

Гүзел Таипова, қала тұрғыны:

Олар саябақтағы ағаштарды жойды. Қазір сол жермен жүк көліктері жүреді. Содан жер дірілдейді. Осының барлығы дәрігерлердің операция жасауына кедергі келтіреді.

Бұл дау-дамай халық қалаулыларының  да назарында. Бұрын перзентхананың саябағы болған жерге көпқабатты тұрғын үй салуға қарсылық білдіргендер Президент әкімшілігі мен Бас прокуратураға арызданған. Ашық хат Парламент Мәжілісінің депутаты Ирина Смирноваға да жетті.

Ирина Смирнова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты :

Тексеріс нәтижесінде Алматы қалалық әкімдігінің 2003 жылы 13 желтоқсандағы қаулысы заңға қайшы екенін білдік. Қаулы Жер кодексінің 39-бабы, 2-ші тармағын  өрескел бұзған.  Бұл бапқа сәйкес мемлекеттік жер пайдаланушы өз иелігіндегі жер аумағын жекеменшік компанияларға жалға беруге немесе сатуына рұқсат етілмейді. Осыған байланысты Алматы қалалық әкімдігіне  мәселені заң аясында қарастыру жөнінде ұйғарым жасалды. Қазіргі кезде Алматы қалалық әкімдігінің заңсыз қаулысының күшін жою бойынша тиісті құжаттар  жиналып, сот қарауына өткізіледі. 

Әзірге бұл текетірес кімнің пайдасына шешілері белгісіз. Істің анық-қанығын сот анықтап,  әділ шешімін шығаруы тиіс. Бірақ, құрылыс компаниясының өз райынан қайтар түрі жоқ.    

Авторлары: Алмас Садуақас, Мұхит Құдықбаев