БҚО-да он жыл бойы мал ұрлап келген ағайындылар сотталды

Батыс Қазақстан облысында мыңдап мал ұрлап, елді әлекке салған ағайынды ұрылар сотталды.

Былтыр мамыр айында үйір-үйір жылқы мен табын сиырынан айырылған тұрғындар полицияға арыз жазған еді. Тәртіп сақшылары оқиғаға қатысты 4 ағайынды Ешовтер мен тағы бір күдікті Елеусізовты қамауға алған. Алайда тергеу ұзаққа созылды. Бармақ басты, көз қысты әрекет бола ма деп алаңдаушылық білдірген жәбірленушілер талай табалдырықты тоздырды. Ақыр аяғында күдіктілердің 2013 жылдан бері мыңнан астам мал ұрлағаны дәлелденді. Олар 47 шаруаға залал келтірген. Сөйтіп ағайынды Ешовтер 6 жылдан 7 жылға дейін, ал Елеусізов 4 жарым жылға сотталды. Ал жәбірленушілер қылмыскерлерге жеңіл жаза берілгенін айтып отыр. Оның үстіне жоғалған малдарын қайтаруға қатысты ешқандай шешім шығарылмағанына наразы.

Кемел Оралов, шаруа:

 Жалпы үйірімде 41 бас. Оның 10 басы өзімдікі, қалғаны ауыл адамдарының малы. Соттың айналасында жүргенімізге жыл жарым болды. Үкімді алды, 7 жыл берді, қалғаны төрт жыл. Онымен біз келіспейміз. Халық та солай деп отыр. Аз деп ойлаймын. Сотта малымызды қайтару жөнінде түсінікті ештеңе айтылған жоқ. Тез-тез өткізді де, сот аяқталды деп тұрып кетіп қалды. Енді азаматтық сотқа бересіңдер деді, түсінбей қалдық. Қалай қайтарып алуға болатынын түсіндіріп айтқан жоқ.

Әділет Тоқтамысов, Ақжайық ауданының прокуроры:

– Талап-арыздарына қосымша талап сұрағандықтан, азаматтық іс қарау жөнінде қалдырылатын болды. Бірақ талап-арыздарын қамтамасыз ету үшін Ешовтардан қалған 133-тей бас малы бар, одан басқа автокөліктер бар, олар тыйым салынған күйінде қалдырылатын болады. Ұйымдасқан қылмыстық топтың белгілері бұл жерде анықталған жоқ. Қылмыстық топта әрқайсысының рөлі болады, әрқайсысының белгілері болады. Сол белгілер бойынша тергеу жүрді. Қылмыстық топқа жатпайды.

Сондай-ақ...