424,60 504.60 5.74
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматы облысындағы тұрғындардың түйткілі қашан шешіледі?

  • 304
  • UPD: 23:28, 16.07.2021

Алматы облысының Қаратал ауданына қарасты елді мекеннің тұрғындары абаттандыру жұмыстарының мүлде жүргізілмейтінін айтады.

Жұрт бірнеше жылдан бері жаңа мектеп құрылылысының басталуын, жолдар мен тоған жүйесінің жөнделуін күтіп жүр. Уәде көп.

Орта төбе ауылында тоған жүйесі жасалмағандықтан, үйлердің жертөлесіне су жиналып қалады. Су кейде баспаналарына дейін кіріп кетеді. Мұнда жаз бойы шалшық су жиналатындықтан, маса мен бақа да көп.

Ауылға келген такси жолаушысын даладан тастап кетеді. Көшеге жедел жәрдем де кіре алмайды. Балабақша да жоқ.

Юлия Новикова, Орта төбе ауылының тұрғыны:

Мен осында 30 жылдан бері тұрамын. Жергілікті атқарушы билік жылда жасаймыз деп уәде береді, бірақ орындамайды. Жасымыз 70-ке келіп қалды. Ауыл ішіне не жедел жәрдем кіре алмайды. Газ баллоны мен көмір тасу да қиын.

Галина Сафаргалиева, Орта төбе ауылының тұрғыны:

Мен зейнеткермін. Арасында сырқаттанып қалсақ, жедел жәрдем жете алмайды үйімізге. Базарға барып, азық-түлік алып қайтсақ та, такси жүргізушілері ауылдың ішіне кірмейді, сыртынан тастап кетеді. Заттарымызды өзіміз жаяу тасимыз.

Ауыл ішіне өткен жылы жаңа балалар алаңқайы салынды. Сапасына тұрғындардың көңілі толмайды. Оның үстіне өзі саздың жанына орналасыпты.

Наталья Столярова, Орта төбе ауылының тұрғыны:

– Әкімдікке барып, бірнеше рет айттық, «балалар алаңқайының орнын ауыстырыңыздар» деп. Оны тыңдар құлақ болмай тұр. Алаңқайдың ішін құммен толтырулары керек еді, оны да істемеді. Ақ түсті қиыршық тас төседі, балалар күнде соған тізесін жарақаттап қайтады. Айналатын әткеншектері сынып қала береді. Торлары да өте сапасыз.

Тұрғындар жергілікті атқарушы билік өкілдерінен Орта төбеге жаңа мектеп салып беруін сұрап отыр. Оның құрылысы басталуын күтіп жүргендеріне бірнеше жылдың жүзі болды.

Ермек Апеков, Қаратал ауданы әкімінің орынбасары:

– Орта төбе ауылының 180 орынға арналған Панфилов атындағы мектеп болып саналады. Оның жобалық-сметалық құжаттамасының бәрі дайын болды. Бүгінгі күнге дейін бізде конкурс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Биыл бастаймыз, келесі жылы аяқтаймыз.

Бұл ауылда балабақша мен клуб та жоқ. Өткен жылы 8 көшенің екеуі жөнделіпті. Қалғаны қашан жасалатыны белгісіз...

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Гүлнар Жантасова, Қуаныш Түргенбаев

Хабар 24 телеарнасы