Қазақстандық Тiktok-house ТМД елдерінде аса танымал болып шықты. Олардың табысы қанша?

Қазақстандық Tiktok-house ТМД-да ең танымал болып шықты.

Шығармашылық топ түсірген бейнероликті үлкен-кіші демей қызыға көреді. Олар Tiktok дайындаумен бір жылдан бері айналысып келеді екен. Осы қысқа мерзім ішінде өз еліміз ғана емес, шетелдік көрермендердің де көзайымына айналып үлгерді. Жас қыз-жігіттерден құралған бірлестік мүшелері түгелдей бір үйде тұрады. Бейнетүсірілімді де сол жерде түсіреді.

Yolo House шығармашылық бірлестігінде алты блогер бар. Олар күн сайын әр түрлі әзіл-сықақ пен би роликтерін түсіріп, Тиктокқа салады. Олардың жұмыстарын  бірнеше минут ішінде ондаған миллион адам қарап үлгереді. «Тиктокердің  ісі оңай әрі көңілді болып көрінгенімен, шығармашылық үйде олар әскери тәртіп бойынша өмір сүруі керек», – дейді топтың көшбасшысы Алина Ким.

Алина Ким, тиктокер:

 Бізде бос уақыт бола бермейді. Тіпті белгілеп берген мерзімге үлгермей жатамыз. Он күн ішінде 400-ге жуық бейнеролик түсірген кездеріміз болды. Жұмыс қауырт болғанда үш-төртте ұйқыға жатып жүрдік. Бірақ біз өзіміздің айналысып жүрген ісімізді жақсы көреміз. Содан болар, қанша шаршап, шалдықсақ та жұмыстың нәтижесін көргенде оның бәрі ұмыт болады. Біз бір отбасының балаларындаймыз. Әркез бір-бірімізді қолдап жүреміз.

Yolo House-тың негізін қалаушы Азат Халимов қысқа мерзімде мұндай жетістікке жетуді күтпеген. Дегенмен сапалы контентке қол жеткізу оңайға соқпағанын айтып отыр. Оған қоса топ мүшелері өзін-өзі дамытуға барынша назар аударады. Барлығы дене-шынықтырумен шұғылданады. Ат спортымен айналысады. Ән айтады. Сондай-ақ ағылшын, корей тілдерін үйренеді. Мұның бәрі халықаралық деңгейге жету үшін қажет. Тіпті олардың өз психологы мен жеке аспазшысы бар.

Азат Халимов, продюсер:

Дәл қазір әлемде АҚШ-тың екі хаусы алдыңғы орынды алады. Біз үшінші орындамыз. Бірінші орында Флайхаус.  Екінші қатарда  Хайп-хаус. Біз осы форматтағы  жалғыз үйміз. Флайхаус шоу ретінде жалғасады, ал олардағы Хайп-хаустың есігі әрдайым ашық. Оған кез-келген адам келіп түсе алады.

Біздің елімізде тиктокерлердің табысы 100 мыңнан 2 млн теңгеге дейін жетеді деген ақпарат бар. Ал шетелдіктер одан да көп табады. Олардың тіпті мысығының Тик-токтағы жеке аккаунтына 1 млн 200 мың адам жазылған.  Ал қазірге Yolo House-тың құрамындағы блогерлердің фоллеверлер саны 83 миллион. Бұл Қазақстан халқының санынан төрт жарым есе көп.

Қазақстандық жас тиктокерлер мұнымен тоқтап қалмақ емес, алдарына ауқымды жоспарлар қойып отыр.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Валентин Лобанов

 

Сондай-ақ...